Ақтауда арбадағы теннистен халықаралық турнирге әлемнің үздік спортшылары жиналды
Ақтау қаласында арбадағы теннистен халықаралық рейтингтік ITF WC50 Tournament Series in Aktau турнирлер сериясы басталды. 26 мамырға дейін жалғасатын жарыстарға әлемнің жетекші спортшылары қатысып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Халықаралық турнирлер сериясын Қазақстан Теннис Федерациясы ұйымдастырып отыр. Байрақты бәсекеге әлемдік рейтингтің ITF Top-100 қатарына кіретін спортшылар келді. Олардың қатарында Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Тайланд елдерінің өкілдері бар.
Сонымен қатар жарысқа Қазақстанның алты өңірінен 23 спортшы қатысып жаатыр. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қарағанды, Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларының теннисшілері бақ сынайды.
Айта кетейік, турнирге Қазақстанның екінші ракеткасы, ақтөбелік параспортшы Жанат Ұмытқұлова да қатысып жатыр.
Маңғыстаудың желі қиындық тудырады екен. Кейде доп бағыттаған жаққа емес, басқа бағытқа ұшып кетеді. Дегенмен ойын жақсы өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар мен демеушілерге ерекше алғыс айтқым келеді. Өз елімізде халықаралық турнирлерге қатысу біз үшін мәртебе. Жалпы арбадағы тенниспен айналысып жүргеніме үш жыл болды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды көріп қалсам, осы спортқа шақырамын. Бұл бір жағынан спорт болса, екінші жағынан оңалтуға да үлкен көмегін тигізеді, – дейді Жанат Ұмытқұлова.
Халықаралық турнирлер Rixos Water World Aktau базасында өтіп жатыр. Турнир кестесіне сәйкес, 13-16 мамыр аралығында алғашқы кезең ойындары ұйымдастырылады. 16 мамыр күні сағат 10:00-де жекелей сынның, 12:00-де жұптық кездесулердің финалдары өтеді. Ал сағат 14:00-де жеңімпаздарды марапаттау рәсімі жоспарланған.
Турнирлер аясында 18-21 мамыр күндері KPMG Open, ал 23-26 мамыр аралығында Zijin RG Gold Open жарыстары өтеді. Әр турнирдің соңғы күнінде финалдық кездесулер мен марапаттау рәсімдері ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылар бұл жарыстардың Орталық Азиядағы ең ұзақ турнирлер сериясының бірі екенін айтып отыр.