Otpan News Logo

Ақтауда танымал қаламгер Мейрамбай Қибасовтың 80 жас мерейтой кеші өтті

Ақтауда танымал қаламгер Мейрамбай Қибасовтың 80 жас мерейтой кеші өтті

Қазақстанның құрметті журналисі, ақын, публицист Мейрамбай Қибасовтың 80 жас мерейтойына арналған «Қаламы қарымды қайраткер» атты салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Мерейтойлық жиынға облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ардагер журналистер, мәдениет саласының қызметкерлері, студент жастар қатысты.


Мейрамбай Қибасов - Маңғыстау өңірі журналистикасының көрнекті өкілі, қарымды қаламгер, ҚР Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақтау және Жаңаөзен қалаларының құрметті азаматы. Ол - бірнеше жыр жинағының, очерктер мен публицистикалық еңбектердің авторы, ел руханиятына сүбелі үлес қосқан қоғам қайраткері.


Кештің алғашқы бөлімі еркін форматтағы сұхбат түрінде өрбіді. Онда мерейтой иесі журналистика саласына келу жолы, шығармашылық ізденістері, өмірлік ұстанымдары мен жас буын журналистерге берер тағылымы туралы әңгімеледі.


Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев сөз сөйлеп, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың құттықтауын жеткізді.


Бүгін біз еліміздің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан белгілі жазушы, журналист, қоғам қайраткері Мейрамбай Қибасов ағамыздың 80 жасқа толуына арналған шығармашылық кеште бас қосып отырмыз. Бұл кештің өтуіне мұрындық болған өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай өз құттықтауын жолдады. Мейрамбай ағамыздың өмір жолы мен шығармашылық ғұмыры - кейінгі ұрпаққа өнеге. Оның журналистика саласындағы еңбегі мен қоғамның дамуына қосқан үлесі айрықша. Сіздердің қоғамдағы маңызды рөлдеріңізді әрдайым жоғары бағалаймыз. Осы ретте сізге шынайы алғысымды білдіріп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық табыс тілеймін, - деді Аббат Өрісбаев.


Сондай-ақ, ол ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаровтың құттықтау лебіздерін жеткізді.


Кеш барысында Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының әртістері Мейрамбай Қибасовтың шығармалары негізінде әдеби-композициялық қойылым ұсынып, ақын жырларынан сахналық көрініс қойды.


Мерейтой кешінде ақын, сазгер Көмек Ыбрайұлы мерейтой иесінің ұлттық руханияттағы орнына тоқталды.


Мейрамбай ағамызды елімізде танымайтын жан кемде-кем. Оның кітаптарын оқып, рухани тағылым алып келеміз. Кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, тіл мен салт-дәстүрді дәріптейтін көптеген өлеңдері бар, - деді Көмек Ыбрайұлы.


Сонымен қатар, кеште ардагер мұнайшы Мұратбай Жақсығатов пен мемлекеттік қызмет ардагері, «Жаңа өмір» газетінің бұрынғы редакторы Жалғас Жапақов сөз сөйлеп, мерейтой иесінің журналистика мен қоғамдық өмірдегі еңбегін атап өтті.


Кеш соңында Мейрамбай Қибасов оқырмандарына арнап өз шығармаларынан жыр шумақтарын оқыды. Сонымен қатар, мерейтой иесіне арналған ән орындалып, өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынып, би шашуымен кеш көркін аша түсті.

63
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!