Бейнеу ауданындағы ХҚКО жаңа үлгіде қызмет көрсетеді
2026 жылғы 15 мамырдан бастап Бейнеу ауданындағы Қосай ата көшесі, 4/5 мекенжайында орналасқан ХҚКО тұрғындарға жаңартылған форматта қызмет көрсетуді бастайды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа қызмет көрсету орталықтарын жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Осыған орай бөлімнің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылып, азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында заманауи қызмет көрсету аймақтары іске қосылды.
Жаңғыртылған бөлімде мемлекеттік қызметтер заманауи үлгіде ұсынылады. Орталық бірнеше функционалды аймақтарға бөлінген. Атап айтқанда, мұнда жылдам қызмет көрсету аймағы, әлеуметтік қызметтер аймағы, құжаттандыру аймағы, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы және дайын нәтижелерді беру аймағы жұмыс істейді. Аймақтар келушілерге ыңғайлы болу үшін түрлі түсті ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен ерекшелендіріліп, айқын бөлінген. Сонымен қатар күту аймағы жаңартылып, келушілерге қолайлы жұмсақ орындықтар орнатылған.
«Бұл — Маңғыстау облысындағы үшінші жаңғыртылған ХҚКО. Бұған дейін Мұнайлы ауданында және Жаңаөзен қаласында жаңартылған халыққа қызмет көрсету орталықтары пайдалануға берілген болатын. Біз алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз», — деді Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры Айбек Мұзбаев.
Айта кетейік, Бейнеу ауданында 70 мыңнан астам тұрғын тұрады. Жаңғыртылған бөлімге күніне шамамен 300-ге жуық тұрғын келеді деп күтілуде.
Еске сала кетейік, жаңғыртылған ХҚКО дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Қосымша ақпарат алу үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.