Ақтауда эко-парк салынады
Ақтаудағы Ақжелкен ауданындағы жағажайда эко-парк салынады. Жобаны іске асыру үшін 874 млн бөлінген, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жоба аумағының жалпы көлемі 67,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның шамамен 35,5 мың шаршы метрінде абаттандыру жұмыстары жүреді. Ал 10 мың шаршы метрден астам аумақ көгалдандырады.
Жоба аясында жағалау бойында жаяу серуендеу бағыттары, абаттандыру мен сәулет нысандары, демалыс орындары салынады. Сондай-ақ, спортты дамыту мақсатында футбол алаңы, баскетбол алаңы, workout-аймақтар мен үстел теннисіне арналған алаңдар салу жоспарланған.
“Келушілердің жайлы демалысы үшін 12 киім ауыстыру кабинасы, 12 ашық душ, 4 санитарлық торап, 1 құтқару пункті, 3 жазғы терасса, 150 шезлонг, 75 жағажай қолшатырын орналастыру жоспарланып отыр”, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі ММ-нің бас маманы Әсет Басбаев.
Қосымша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы шомылу аймағы жабдықталады. Оның ішінде пандустар мен тактильді бағыттағыштар қарастырылған.
Келушілердің қауіпсіздігі мен жайлы демалысы үшін 54 бейнебақылау камерасы, дабыл сиреналары бар 27 бейнебақылау тірегі, 165 көше жарықтандыру элементі орнатылады.