Otpan News Logo

7 жасында майданға шұлық тоқыған: Ақтауда тыл ардагеріне құрмет көрсетілді

7 жасында майданға шұлық тоқыған: Ақтауда тыл ардагеріне құрмет көрсетілді

Жеңіс күні қарсаңында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының ұжымы тыл ардагері Разия Саталиеваның шаңырағына барып, мерекелік құрмет көрсетті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Бүгінде 92 жасқа келген кейуана соғыс жылдарының тауқыметін бала күнінен көрген. Оның айтуынша, балалық шағы ойын-күлкімен емес, еңбекпен өтті. Ел басына күн туған шақта үлкендермен бірге майданға көмектесіп, сарбаздарға арнап жүн шұлық тоқыған.


– Ол кезде кішкентай баламыз. Аналары­мыз түнімен ұршық иіретін. Біз де қолдан келгенше көмектестік. Майдандағы жауынгерлерге шұлық тоқып жіберетінбіз, – деп еске алды Разия апа.


Ардагер тұрған Астрахань өңірінде соғыс кезінде жағдай күрделі болған. Жау шабуылынан кейін халық ауызсуға зар болып, аштық пен ауруды бастан өткерген.


Соғыстан кейін Разия Саталиева өмірін ұстаздыққа арнады. Ол жарты ғасыр бойы Маңғыстау өңіріндегі мектептерде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі. Еңбегі үшін «КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі» атағына ие болған.


Жолдасы Есен Бисенов те ауыл мектептерінің дамуына үлес қосып, Бостан ауылының қалыптасуына атсалысқан.


Бүгінде тыл ардагері үлкен әулеттің ақылман анасына айналған. 7 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп өсірген Разия апа немере-шөбере сүйіп отыр.


Кездесу соңында ардагер ел тыныштығын тілеп, ақ батасын берді.

120
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!