Otpan News Logo

Маңғыстауда шағын бизнестің табысы мен еңбекақы қоры азайған

Маңғыстауда шағын бизнестің табысы мен еңбекақы қоры азайған
baq.kz-тің коллажы

OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің мәлімдеген табысы, жалдамалы жұмысшылар саны және еңбекақы төлеу қоры қатар азайған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.


Министрдің дерегінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында оңайлатылған декларация негізінде салық есептілігін тапсырған кәсіпкерлердің жалпы саны 1,512 млн-нан 1,086 млн-ға дейін қысқарған. Бұл – 28,2%-ға аз. Алайда осы салық режимінде қалған кәсіпкерлердің жиынтық табысы 7,89 трлн теңгеден 9,38 трлн теңгеге дейін өсіп, жалдамалы жұмысшылар саны мен еңбекақы төлеу қоры да артқан.


Табыс көлемінің өсуі елдің 20 өңірінің 17-сінде тіркелген. Ал Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында бұл көрсеткіш төмендеген. Үш көрсеткіштің – табыс, жалдамалы жұмысшылар саны және еңбекақы төлеу қорының – бір мезгілде азаюы Маңғыстау облысында айқын байқалған.


Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық режимін 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 981,2 мың адам пайдаланған. Олардың 519,7 мыңы такси қызметін көрсетсе, 292,5 мыңы курьер болып жұмыс істейді. Бұл екі санат режимді қолданушылардың 83%-ын құрайды. Ал интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін 866,9 мың адам 16,1 млрд теңге әлеуметтік төлем аударған. Бұл өзгерістер кәсіпкерлік сектордың құрылымы қайта қалыптасып жатқанын көрсетеді. Жеке тұлғалардың бір бөлігі жеке кәсіпкер мәртебесінен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимге ауысқан. Шағын бизнестің басым бөлігі оңайлатылған декларация негізінде жұмысын жалғастырып жатыр, - деді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.


Министрдің пікірінше, салық реформасының әсерін тіркелген кәсіпкерлердің санымен ғана бағалау жеткіліксіз. Олардың нақты экономикалық белсенділігін де ескеру қажет. Сондықтан шағын және орта бизнестегі өзгерістерді өңірлер мен экономиканың жекелеген салалары бойынша бөлек талдау маңызды.

32
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!