Otpan News Logo

Маңғыстауда жас мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады

|
27.10.2026 16:55
Маңғыстауда жас мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады

OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысында «Ұрпақтар сабақтастығы: Тағзым мен тағылым» тақырыбында тәлімгерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында мемлекеттік қызмет ардагерлерінің тәжірибесі дәріптеліп, жас мамандар ант қабылдап, бірқатар қызметкер марапатталды.


Іс-шараның мақсаты – жастар арасында мемлекеттік қызметтің құндылықтарын насихаттау, кәсіби бағдар қалыптастыру және аға буынның көпжылдық еңбек тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу. Жиынды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов ашып, мемлекеттік қызметтің маңызына тоқталды.


– Басты мақсатымыз – жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімін өткізу және мемлекеттік қызмет ардагерлерінің өмірлік тәжірибесі мен елге сіңірген еңбегін кейінгі буынға таныстыру. Аға буынның өнегесі жас мамандардың кәсіби қалыптасуына бағыт-бағдар береді. Осындай тағылымды кездесулер департамент жанында алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Тоқтамыс Жұмағұлов.


Республика күніне орай мемлекеттік қызметке жаңадан келген төрт маман салтанатты түрде ант қабылдады. Олар Ақтау қаласы әкімдігі аппаратының цифрландыру және ақпараттық технологиялар бөлімінің, қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің және Мұнайлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері. Сонымен қатар Қазақстан Ғылым академиясының құрметті академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев жас мамандарға өз туындысын қолтаңбасымен табыстады.


Іс-шара соңында қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген мамандар марапатталды. Жиын барысында мемлекеттік қызмет ардагерлерінің еңбегі дәріптеліп, жас мамандарға халыққа адал қызмет ету мен жауапкершілікті басты ұстаным ету қажеттігі айтылды.

33
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!