Otpan News Logo

Маңғыстауда мәдениет саласы қарқын алды: театрдан архивке дейін жүйелі жұмыс жүріп жатыр

Маңғыстауда мәдениет саласы қарқын алды: театрдан архивке дейін жүйелі жұмыс жүріп жатыр

2026 жылдың алғашқы тоқсаны Маңғыстау облысының мәдениет саласы үшін серпінді кезең болды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, өңірде театр, кітапхана, музей және архив бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылып, мәдени инфрақұрылым жаңартылып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz


Жыл басынан бері облыстағы екі театр сахнасында 100-ден астам қойылым көрерменге ұсынылды. Соның ішінде Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында Олжас Жанайдаровтың «Я-Қарлығаш» спектаклі алғаш рет сахналанды. Театр ұжымы халықаралық деңгейдегі фестивальдерге қатысып, Түркияда өтетін IV Халықаралық әйел драматургтері театр фестиваліне шақырту алды. Сонымен қатар, актерлік шеберлікті арттыруға бағытталған кәсіби тренингтер мен шеберлік сағаттары тұрақты ұйымдастырылып келеді.


Балаларға арналған қойылымдар да назардан тыс қалған жоқ. Маңғыстау облыстық қуыршақ театрында «Үш ұлпа қар», «Машенька мен Аю», «Ашкөз қоян» секілді жаңа спектакльдер сахналанып, жас көрерменнің қызығушылығын арттырды. Сонымен бірге театр ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым жаңартылып жатыр.


Облыс бойынша мәдениет үйлері мен концерттік ұйымдарда І тоқсанда 487 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылған. Наурыз мерекесіне арналған концерттер, этно-бағдарламалар, ұлттық ойындар мен шығармашылық кештер өңір тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады.


Қазіргі таңда өңірде 521 үйірме жұмыс істеп, оған 11 мыңнан астам адам қатысып отыр. Сондай-ақ 52 көркемөнерпаз ұжымына «Халықтық» және «Үлгілі» атағы беріліп, жергілікті өнерпаздардың белсенділігі артқаны байқалады.


Маңғыстау облысында 70 кітапхана жұмыс істейді. Олардың жалпы қорында 1,4 миллионнан астам кітап сақталған. Оның 745 мыңнан астамы – мемлекеттік тілдегі басылымдар.


Бүгінде кітапханаларда цифрландыру жұмыстары қарқын алған. Өлкетану бағытындағы құнды әдебиеттер электронды форматқа көшіріліп жатыр. Сонымен қатар 8 кітапханада РАБИС электронды жүйесі енгізілген.


Өңірдегі 10 музейде жыл басынан бері тарихи-танымдық көрмелер мен экскурсиялар тұрақты ұйымдастырылып келеді. І тоқсанда 33 мәдени іс-шара өткізіліп, келушілер саны артқан.


Архив саласында да цифрлық трансформация жалғасуда. 8 архив мекемесінде 40 мыңнан астам құжаттың 223 мыңнан аса парағы деректер базасына енгізілген. Жалпы цифрландырылған құжат көлемі 836 мыңнан астам параққа жетті.


Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы тарихи мұраларды сақтау және насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. І тоқсанда 108 экскурсия ұйымдастырылып, 2700-ге жуық адам тарихи орындармен танысқан. Сонымен қатар ескерткіштердің қорғау аймақтарын белгілеу және ғылыми-реставрациялық жұмыстар қолға алынған.


Өңірде мәдени инфрақұрылымды жаңарту да жалғасып жатыр. 2026 жылдың өзінде 15 мәдениет нысанына жөндеу жүргізілген. Ақтау, Жаңаөзен, Бейнеу, Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау және Қарақия аудандарындағы мәдениет үйлері мен кітапханалар жаңғыртылды. Соңғы үш жылда облыста жалпы 50 мәдениет нысаны жөндеуден өткен.


Ал мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында өңірде түсіндіру және бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көрнекі ақпараттардың заңнамаға сәйкестігі тексеріліп, кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетілген. Сонымен қатар студенттер мен жас мамандарға арналған тіл саясаты бойынша семинарлар ұйымдастырылады.

46
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!