Otpan News Logo

Ақтауда мұнайшы суға батып бара жатқан екі жасөспірімді құтқарып қалды

Ақтауда мұнайшы суға батып бара жатқан екі жасөспірімді құтқарып қалды
Сурет "МаңғыстауМұнайГаз" АҚ баспасөз қызметінен

11 мамыр күні «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы №1 мұнай-газ өндіру цехының слесарь-жөндеушісі Жазмұрат Қанатов Каспий теңізі жағалауында суға батып бара жатқан екі жасөспірімді аман алып қалды, деп хабарлайды otpannews.kz


Оқиға Жазмұрат Қанатовтың отбасымен бірге жағалауда серуендеп жүрген кезінде болған. Ол TikTok желісінде тікелей эфир жүргізіп тұрған кезде жақын маңнан балалардың жан дауысы естіледі.


Куәгерлердің айтуынша, Жазмұрат Қанатов бір сәт те кідірмей, қолындағы телефонын жанындағы адамдарға тапсырып, теңізге қарай жүгірген. Толқынмен арпалысып жатқан екі жасөспірімге жетіп, оларды екі жағынан ұстап, жағаға қарай алып шығады. Жағаға шыққан соң да ол тоқтап қалмай, балаларға алғашқы көмек көрсеткен.


Суға кеткен жасөспірімдер 15-16 жас шамасындағы үш дос. Олардың біреуі көмек көрсетуге тырысқанымен, судың екпініне қарсы тұра алмаған. 


Біраздан кейін қарасам, екі бала да есін жиып, біраз жақсарып қалған екен. Сол кезде ғана көңілім орнына түсті, - дейді ол. 


2013 жылдан бері «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясында еңбек етіп келе жатқан Жазмұрат бес баланың әкесі. Ол өзінің бұл әрекетін ерекше ерлік санамайды. 


Менің орнымда кез келген азамат осылай істер еді. Ең бастысы – балалардың аман қалғаны, - дейді ол.


Жазмұрат Қанатов бұл оқиғадан кейін жүзуді білудің маңызын терең түсінгенін айтады. Ол компания ұйымдастырған бассейн сабақтарына қатысып, осы дағдыны меңгерген екен. 


Каспийдің жағасында тұрған соң жүзуді білу өте маңызды. Өз балаларымды да кішкентайынан жүзуге баулып келемін. Қазір олар түрлі жарыстарға қатысып, жүлде алып жүр, - дейді ол.


Қазір бұл оқиға қоғамда ерлік қана емес, дайындық пен дер кезінде қабылданған шешімнің адам өміріндегі маңызын көрсеткен жағдай деп бағалануда.

83
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!