500-ден астам теңіз жаяу әскері танк сынағы даярлығынан өтті
Ақтаудағы «Оймаша» полигонында «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты теңіз жаяу әскері бригадасының 542 мерзімді әскери қызметшісі жас жауынгер курсының маңызды кезеңдерінің бірі – танк сынағы даярлығы мен кедергілер жолағынан өтті, деп хабарлайды otpannews.kz әскери ведомствоға сілтеме жасап.
Әскери бөлімге келген жас сарбаздар алдымен жалпыәскери жарғыларды меңгеріп, саптық және дене дайындығынан өтті. Сондай-ақ олар қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану бойынша теориялық және практикалық машықтарын жетілдірді.
Теориялық сабақтардан кейін теңіз жаяу әскерлері тактикалық алаңда жауынгерлік жағдайға жақын ортада практикалық тапсырмалар орындады. Әскери қызметшілер жертасаларға орналасып, бос оқтармен атыс жүргізді, оқу гранаталарын лақтырып, сауытты техниканың көмегімен шартты қарсыласқа қарсы тактикалық маневрлер жасады.
Негізгі назар әскери қызметшілерді шартты қарсыластың танк бөлімшелеріне қарсы іс-қимыл жасауға практикалық тұрғыда дайындауға және жеке құрамның психологиялық төзімділігін қалыптастыруға аударылды. Қойылған барлық мақсат толық көлемде орындалды, жауынгерлер танк сынағы даярлығынан сәтті өтіп, кедергілер жолағын еңсерді, – деді жас сарбаздарды даярлау жиынының бастығы подполковник Жеңіс Ахметқалиев.
Ақмола облысынан шақырылған гвардия қатардағы жауынгері Нұрлан Борамбай танк жертасаның үстінен өткен сәтте ерекше толқу сезінгенін жеткізді. Оның айтуынша, дәл осындай жаттығулар сарбаздарға сабыр сақтауды үйретіп, жауынгерлік тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Практикалық сабақтар жас сарбаздарды әскери қызмет жағдайына моральдық-психологиялық тұрғыдан бейімдеуге бағытталды. Ал 23 мамыр күні теңіз жаяу әскерлері Әскери ант қабылдайды.