Маңғыстауда мамыр мерекелеріне орай 200-ге жуық іс-шара өтеді
Маңғыстау облысында мамыр айында өтетін мерекелік іс-шаралар жоспары бекітілді. Биылғы мерекелік шаралар жаңа Конституцияда айқындалған құндылықтар аясында ұйымдастырылады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы этносаралық қатынас мәселелері жөніндегі бөлімнің бас маманы Забира Сарибасова айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спикердің айтуынша, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай облыс аумағында 90-нан астам мәдени іс-шара өткізу жоспарланды. Сонымен қатар, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 114 іс-шара өтеді. Оның ішінде 91 мәдени және 23 спорттық іс-шара бар.
- Ұлы Даланың мыңжылдық тарихи сабақтастығы, мемлекеттің унитарлық сипаты мен аумақтық тұтастығы, «Әділетті Қазақстан» идеясы және «Заң мен Тәртіп» қағидаты, этносаралық және конфессияаралық татулық, бірлік пен ынтымақ, сондай-ақ білім, ғылым, инновация және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағыттары басты назарға алынады. Мереке аясында әлеуметтік желілерде бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім қағидаттарын ілгерілетуге арналған «Қазақстан біздің ортақ үйіміз» патриоттық челленджі жүзеге асады, - деді Забира Сарибасова.
Мерекелік іс-шаралар аясында 1 мамыр күні Достық үйі алаңында «Ынтымағы жарасқан» атты мерекелік бағдарлама өтеді. Бағдарламада этномәдени бірлестіктердің көрмелері ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама өтеді.
7 мамыр күні дәстүрлі қалалық «Сарбаздар ән салғанда» атты сапта жүріп ән айту байқауы өтеді. Ал 9 мамыр - Жеңіс күні облыс әкімінің қатысуымен гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылып, «Ұлы жеңіс – ұраным!» атты театрландырылған концерттік қойылым көрермен назарына ұсынылады.
Брифингте Абай атындағы мәдени-демалыс кешені директорының орынбасары Маргарита Омарова Ақтау қаласында ұйымдастырылатын іс-шараларға тоқталды.
Спикердің мәліметінше, Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні қарсаңында қалада көптеген мәдени іс-шара жоспарланды.
-1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке аясында ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу жоспарланды. Сағат 10:00-де «Достық үйі» ғимараты алдындағы алаңда қаланың шығармашылық ұжымдары мен өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен үлкен мерекелік концерт өтеді. Сол күні сағат 19:00-де Ақтау қаласының жағалауындағы «Амфитеатр» алаңында қала тұрғындары үшін үлкен мерекелік концерт ұйымдастырылады. Концертке қаланың вокалдық, аспаптық және хореографиялық ұжымдары қатысады, - деді Маргарита Омарова.
Сонымен қатар, 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні әскери қызметшілер мен Қарулы Күштер ардагерлеріне құрмет көрсетуге арналған іс-шарала атап өтіледі. Ақтау жағалауында қала мен облыстың әскери бөлімдерінің қатысуымен саптық жүріс кезінде орындалатын сарбаздар әні байқауы өтеді.
Сондай-ақ, 9 мамыр – Жеңіс күні Ұлы Отан соғысындағы халық ерлігін еске алудың қастерлі күні ретінде аталып өтеді. Сағат 10:00-де «Мәңгілік алау» мемориалына дәстүрлі гүл шоқтарын қою рәсімі, рәсімнен кейін әскери даңқ мемориалы жанында Орыс әндері халықтық хоры мен Еңбек ардагерлері хорының қатысуымен шағын концерт ұйымдастырылады.
Мереке күні сағат 11:00-де және 19:00-де «Амфитеатр» алаңында соғыс жылдарындағы әндер, театрландырылған қойылымдар және бейбіт Қазақстан, Отанға деген сүйіспеншілік тақырыбындағы концерт өткізіледі.
Іс-шаралар барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып, қажетті қауіпсіздік шаралары қарастырылады. Мерекелік іс-шаралардың толық бағдарламасы мен афишалары тұрғындардың ыңғайлылығы үшін әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланатын болады.
Бұдан бөлек, 30 мамыр күні Маңғыстау өңірінің тумасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ұлықпан Жолдасовтың жеке шығармашылық кеші өтеді деп жоспарланып отыр.