Денсаулық сақтау министрлігі балалардың жазғы лагерлеріне кенеттен тексеріс жүргізуі мүмкін
Жазғы сауықтыру маусымы қарсаңында Денсаулық сақтау министрлігі балалардың қала сыртындағы лагерьлеріндегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға бақылауды күшейтуде, деп хабарлайды otpannews.kz.
Негізгі талаптардың қатарында қоршалған аумақтың болуы, үздіксіз сумен қамту, кәріз жүйесі, жарықтандыру және желдету жүйелері бар.
Барлық бөлмелер тазалықта ұсталып, күн сайын рұқсат етілген дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып тазалануы тиіс.
Лагерьлерде бес мезгіл тамақтану ұйымдастырылып, медициналық қызмет көрсету қамтамасыз етілуі қажет.
Шомылу орындарында су айдындары мен топырақтан сынамалар алынып, гигиеналық талаптарға сәйкестігі зертханалық тексеруден өтеді.
Маусым бойы су айдындары мен бассейндердегі судың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі.
2026 жылдың екінші жартыжылдығында министрлік мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын барлық балалар сауықтыру ұйымдарын мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі аясында тексереді.
Алғаш рет бекітілген тізімдер бойынша жоспарлы тексерістер тетігі енгізіледі. Бұл тізімдер 10 мамырға дейін комитеттің аумақтық бөлімшелерінің интернет-ресурстарында жарияланады.
Сонымен қатар жоспарлы тексерістер тізіміне енгізілмеген нысандарға бару арқылы бақылаудың жаңа форматы іске қосылды.
Тексерістер алдын ала ескертусіз жүргізіледі. Бұл лагерьлердің нақты жағдайын объективті бағалауға және формалды дайындықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Министрлік лагерь иелеріне нысандарды алдын ала дайындау, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу, қызметкерлерге қойылатын талаптарды сақтау және белгіленген сыйымдылықтан асырмау қажет екенін ескертеді.
Ата-аналарға санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар ресми тізімдегі лагерьлерді таңдау, бала денсаулығын алдын ала тексеру және оны алып жүретін тұлғаларға медициналық ерекшеліктер туралы хабарлау ұсынылады.
Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда азаматтар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне жүгіне алады.
Министрлік жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету ерекше бақылауда екенін атап өтті.