Құмар ойындарға тыйым – мемлекеттік қызметтегі адалдық талабы
Мемлекеттік қызмет – тек кәсіби міндеттерді орындау ғана емес, сонымен қатар жоғары моральдық жауапкершілікті талап ететін ерекше сала. Әрбір мемлекеттік қызметші өз қызметін атқару барысында заң талаптарын сақтап қана қоймай, мінез-құлқымен де адалдық пен парасаттылықтың үлгісін көрсетуі тиіс.
Осы тұрғыда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызмет беделін сақтау мақсатында заңнамамен бірқатар нақты шектеулер белгіленген . Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 12-бабына сәйкес жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар және оларға теңестірілген адамдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтауға міндетті.
Аталған баптың 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге:
- ойын мекемелерінде құмар ойындарға қатысуға;
- бәс тігуге;
- интернет арқылы ұйымдастырылатын құмар ойындарға қатысуға қатаң тыйым салынады.
Бұл шектеу – формалды талап емес, оның астарында маңызды себептер жатыр. Құмар ойындарға тәуелділік:
- ең алдымен, қаржылық қиындықтарға алып келеді;
- қызметтік өкілеттіктерді жеке мүддеге пайдалану тәуекелін арттырады;
- сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына итермелеуі мүмкін;
- ең бастысы – қоғамның мемлекеттік қызметке деген сеніміне нұқсан келтіреді.
Сондықтан мемлекеттік қызметшінің адалдығы тек жұмыс орнында ғана емес, оның күнделікті өмірінде де көрініс табуы тиіс.
Заң талаптарын сақтамау тиісті жауапкершілікке әкеледі. Атап айтқанда, жоғарыда көрсетілген заңның 12-бабының 4-тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу лауазымға қабылдаудан бас тартуға немесе қызметтен босатуға негіз болады.
Бұдан бөлек, заңнама талаптары белгілі бір жағдайларда мемлекеттік қызметшінің отбасы мүшелеріне де қатысты. Қызметтік өкілеттіктермен байланысты кез келген заңсыз сыйақыларды, сыйлықтарды немесе артықшылықтарды қабылдауға жол берілмейді.
Мемлекеттік қызметшінің әдебі мен тәртібі – мемлекеттік аппараттың айнасы. Сондықтан әрбір қызметші өз әрекетінің қоғам тарапынан бағаланатынын әрдайым есте ұстауы қажет.
Қорытындылай келе, құмар ойындарға тыйым салу – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі және мемлекеттік қызметшінің кәсіби әдебінің ажырамас бөлігі.
Мемлекеттік қызметтің беделі – әрбір қызметшінің жеке жауапкершілігінде.
Маңғыстау облысы әкімі аппаратының
Әдеп жөніндегі уәкілі
Ф. Исмагулова