Маңғыстауда нейрохирургтар сирек кездесетін отаны сәтті жасады
Гүлмира Аманжолқызы
|
14:36, 21 тамыз 2025

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында нейрохирургтар сирек кездесетін отаны сәтті жасады, деп хабарлайды otpannews.kz облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірде сирек кездесетін ота гемифациалды спазм диагнозы қойылған 47 жастағы науқасқа жасалды. Бір жарым сағатқа созылған отаны нейрохирург дәрігерлер Думан Мырзабеков пен Ақниет Оңайбаев, анестезиолог Қарлығаш Шадиева сәтті аяқтады.
Ота алдында науқастың бас миы МРТ-ға түсіріліп, бет нервісі мен тамыр арасындағы жанасу анықталды. Операция кезінде осы конфликтіні ажыратып, нервке түсетін қысымды азайттық. Соның нәтижесінде бұлшықеттердің жиырылуы тоқтайды. Мұндай операция биыл біздің ауруханада екінші рет жасалып отыр, – деді нейрохирург дәрігер Думан Мырзабеков.
Операциядан кейін науқас өзін жақсы сезінетінін айтып, дәрігерлерге алғысын жеткізді.
Жүйке жүйем сыр беріп, бет-аузым мен қол-аяғым еріксіз жыбырлап, қатты қиналдым. Ұзақ уақыт бойы невропатологтарға қаралып, түрлі ем қабылдадым, ине де салдырттым. Бірақ еш нәтиже болмады. Ақыры облыстық көпбейінді ауруханаға келіп, нейрохирург Думан Мырзабеков бастаған білікті дәрігерлерге қаралдым. Маған сирек жасалатын күрделі операция жасалды. Шүкір, ота сәтті өтті, қазір жағдайым – жақсы. Ең әуелі Аллаға, содан кейін дәрігерлерге алғысым шексіз. Аурухана қызметкерлерінің мейірімі мен жан-жақты қолдауы үшін ризашылығымды білдіремін, – деді науқас.

Пікір
Пікірлер
Деректер жоқ