Ақтауда 22-шағынаудан тұрғындары әскери бөлімнен шыққан шуға шағымданды
Ақмарал Берекет
|
19:16, 21 тамыз 2025

Ақтаудың 22-шағынауданындағы тұрғындар таңғы уақытта әскери бөлімнен қатты музыка ойнайтынын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Олардың айтуынша, музыка әдетте таңғы сағат 5 пен 6:30 аралығында қойылады.
– Видео таңғы 6:07-де түсірілген. Музыканы ерте қосқаны бұл бірінші рет емес. Дыбыс өте қатты, тіпті дискотека сияқты. Жанымызда тұрғын үйлер бар, адамдар ол уақытта ұйықтап жатады, кішкентай балалар бар. Әнұран болса бір жөн, бірақ қатты дыбыстағы поп-музыка естіледі, – дейді тұрғындардың бірі.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі түсініктеме беріп, әр таң сайын мерзімді әскери қызметшілер дене шынықтыру және спорттық жаттығулар істейтінін жеткізді.
– Ыңғайлылық пен ырғақты сақтау үшін бұрын музыкалық сүйемелдеу қолданылған. Тұрғындарға келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз. Енді жаттығулар кезінде музыка пайдаланылмайды, – делінген ресми хабарламада.

Пікір
Пікірлер
Деректер жоқ