Жарнама бөлімі
+7 778 145 90 93
Редакция
+7 (7292) 20 48 34
logo
Ақтауда Айгүл Қосанованың шығармашылық концерті өтті
Нұргүл Алясова
|
11:50, 20 тамыз 2025

Ақтауда теңіз жағасында ҚР халық әртісі Айгүл Қосанованың «Елге сәлем» атты шығармашылық концерті өтті. Маңғыстаулық дәстүрлі әншінің өнерін тамашалауға амфитеатр алаңына 10 мыңға жуық көрермен жиналды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Кеш шымылдығын дәстүрлі әнші «Сәлем саған, туған ел» туындысымен ашты. Күміс көмей өнерпаз концертте «Қыз дәурен», «Сүйген жар», «Қаздар қайтқанда», «Маралдым» сынды әндерін шырқады. Туындылар Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Бас дирижер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Рахат Мадреев. Әнші ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» әнін «Жібек» жетігеншілер тобымен бірге орындады. Концертте кеш қонақтары - Ұлықпан Жолдасов, Мейрамбек Беспаев, «Hassak» этно-фольк тобы, «Ертегілер» вокалдық тобы мен «Жорға» би ансамблі Айгүл Қосановамен бірге өнер көрсетті.


Айгүл Қосанова концертте көрерменге ыстық сағынышы мен ақжарма алғысын жолдады. Әнші халықтың ықыласы, өнеріне деген құрмет-қошеметі әркез қанаттандыратынын айтты.



Айгүл Қосанованың шәкірті Ақмарал Ерімбетова ұстазынан қазақ халқының дәстүрлі әнін, Жеті қайқының әндерін үйренгендігін айтты.


- Айгүл Қосанова - Маңғыстаудың түлегі, дәстүрлі ән өнерінің жұлдызы, әрі менің ұстазым. Айгүл Шоданқызынан тәлім алып, қазақ халқының дәстүрлі әнін, Жеті қайқының әндерін үйрендік. Осы кеште Айгүл Шоданқызы өз шәкірттерімен бірге өнер көрсетті. Ұстазыммен бірге бір сахнада өнер көрсеткеніме қуаныштымын, - деді Ақмарал Ерімбетова.


Шығармашылық кеште әншімен бірге ән шырқаған қала тұрғыны өз пікірін айтты. 


- Айгүл Қосанованың барлық әнін сүйіп тыңдаймын. Осындай кеш ұйымдастырылғанына ризамын. Концертте әншімен бірге ән шырқадым. Менің балаларым да өнер жолында. Осы кеште Айгүл Қосановамен бірге өнер көрсетіп жатыр, - деді қала тұрғыны Тәрбия Тәжанова.
64
Пікір
Пікірлер
Деректер жоқ
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!