Otpan News Logo

Маңғыстауда мектеп қауіпсіздігі жасанды интеллект көмегімен бақыланады

|
09.02.2026 16:29
Маңғыстауда мектеп қауіпсіздігі жасанды интеллект көмегімен бақыланады

Маңғыстауда мектептер мен балабақшалардың қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеруге арналған цифрлық жоба іске аспақ. Жоба жасанды интеллектке негізделген бейнеаналитика және бет-әлпетті тану технологияларын білім беру ұйымдарының күнделікті жұмысына енгізуді көздейді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.


«Транстелеком» АҚ бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба Мұнайлы ауданы Атамекен ауылдық округіндегі №12 жалпы білім беретін мектепте «Цифрлық жасанды интеллект жобаларын жүзеге асыру» тақырыбында таныстырылды. 


«Ақылды мектеп» тұжырымдамасының негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын және оқу ортасының ашықтығын қамтамасыз ету. Жоба аясында мектеп аумақтарына жасанды интеллектке негізделген бейнебақылау жүйелері орнатылады. Бұл жүйелер нақты уақыт режимінде адамдарды, қозғалысты және күдікті жағдайларды автоматты түрде анықтай алады. Бейнеаналитика технологиясы арқылы мектепке бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге, оқушылар мен қызметкерлерді бет-әлпеті арқылы тануға, қауіпті немесе төтенше жағдайларды ерте анықтауға және тәртіп бұзушылықтардың алдын алу мүмкіндігін арттыруға болады.


Сонымен қатар, жүйе оқушылардың эмоциялық жағдайын талдауға мүмкіндік береді. Бұл жасанды интеллект алгоритмдері арқылы балалардағы күйзеліс, мазасыздық немесе шаршау белгілерін анықтап, педагогтар мен психологтарға дер кезінде әрекет етуге жағдай жасайды. Мұндай тәсіл мектептегі психологиялық ахуалды жақсартуға және балалардың әл-ауқатын сақтауға бағытталған. Қауіпсіздік бейнебақылаумен шектелмей, жоба аясында дабыл түймелері, түтін, ауа сапасы және темекі шегуді анықтайтын датчиктер, сондай-ақ қауіпсіз интернет пен зиянды контентті бұғаттау жүйелері енгізіледі.



Бет-әлпетті тану технологиясы деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын сақтай отырып жүзеге асырылады. Барлық ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғалады және тек қауіпсіздік пен алдын алу мақсатында қолданылады. Мамандардың айтуынша, мұндай цифрлық шешімдер мектептерде қауіпсіз әрі ашық орта қалыптастыруға, ата-аналардың сенімін арттыруға және білім беру сапасын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік бермек.


Жоба қазір сынақ режимде іске асырылып отыр. Пилоттық кезеңде жүйенің практикалық тиімділігі мен функционалдық мүмкіндіктері жан-жақты зерделенетін болады. Сынақ нәтижесіне қарай жобаны Мұнайлы ауданы аумағындағы өзге де білім беру ұйымдарына кезең-кезеңімен енгізу мәселесі қарастырылады. Маңғыстау өңірінде басталған бұл жоба болашақта еліміздің басқа аймақтарына да үлгі болмақ.


Айта кетейік, 25 жылдан астам тәжірибесі бар «Транстелеком» – Қазақстандағы ірі телекоммуникациялық және цифрлық интеграция операторларының бірі. Компания ел аумағында ондаған ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып, заманауи IT және қауіпсіздік шешімдерін ұсынып жүр.

216
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!