Маңғыстауда денсаулық сақтау саласында ірі көлемде бюджет қаражаты жымқырылған
Маңғыстау облысының прокуратурасы өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметіне жүргізілген тексеру нәтижесінде бірқатар жүйелі заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды otpannews.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Прокуратура мәліметінше, тексеру барысында жалған медициналық қызметтер көрсету, денсаулық сақтау субъектілерінің біліктілік талаптарына сәйкес келмеу фактілері және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар белгілі болған.
Атап айтқанда, медициналық ұйымдардың бірінде 600 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі тіркелген. Қаражат алушылардың банктік деректемелерін ауыстыру арқылы заңсыз иемденіліп, аффилирленген шоттарға аударылғаны анықталды.
Сонымен қатар көрсетілмеген медициналық қызметтер, жеткізілмеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар үшін бюджет қаражатының төлену фактілері де анықталған.
Осыған байланысты Маңғыстау облысының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастаған. Қазіргі уақытта тергеуді арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр.