Маңғыстауда 9 айда тұтынушыларға 65 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 2026 жылдың тоғыз айында 1 337 өтініш түскен. Нәтижесінде тұтынушыларға 65,3 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Департамент басшысы Рауан Мұқаевтың айтуынша, есепті кезеңде түскен өтініштердің 1 211-і жазбаша түрде қабылданса, 126 азамат жедел желі арқылы кеңес алған. Барлығы 1 337 өтініш қаралып, оның 280-і қанағаттандырылған, 354 өтініш бойынша түсіндірме берілген.
«Жалпы, тоғыз ай ішінде департамент тұтынушыларға 41 млн 934 мың 463 теңге қайтарған. Сонымен қатар сот процестеріне үшінші тұлға ретінде қатысып, тұтынушылардың пайдасына 23 млн 409 мың 888 теңге өндірілген. Осылайша азаматтарға қайтарылған және өндірілген қаражаттың жалпы көлемі 65 млн 344 мың 351 теңгені құрады»,- деді Рауан Мұқаев.
Шағымдарды талдау барысында тұрғындарды негізінен бөлшек сауда орындарынан сапасыз тауар сатып алу, тауарды айырбастау және қайтару мәселелері алаңдататыны анықталған. Сондай-ақ жиһаз жасау мен жөндеуді қоса алғанда, тұрмыстық қызметтердің сапасына қатысты шағымдар, электронды сауда, алтын бұйымдарды қайтару және дауларды сотқа дейін реттеу мәселелері де өзекті болып отыр.
Мәселен, жыл басынан бері «Wildberries» компаниясына қатысты 26 өтініш түсіп, 21-і қанағаттандырылған. Нәтижесінде тұтынушыларға 69 мың 230 теңге қайтарылған.
Департамент мамандары тұтынушылардың құқықтарын қорғау кезінде заңда белгіленген тәртіпті сақтаудың маңызды екенін атап өтеді. Қолданыстағы жүйеге сәйкес, азамат алдымен сатушыға наразылық хат жолдауы қажет. Мәселе шешілмеген жағдайда департаментке жүгінуге, ал дау одан әрі реттелмесе, азаматтық сотқа талап арыз беруге болады.