
Маңғыстау облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жылдық мерейтойына орай бірқатар маңызды шаралар өткізді. Қайырымдылық акциялары, концерттер, форумдар мен дөңгелек үстелдер, кездесулер мен конференциялар, жәрмеңкелер мен көрмелер – бұл атқарылған жұмыстардың толық тізімі емес, деп хабарлайды otpannews.kz.
Украин этномәдени бірлестігінің төрайымы Оксана Белоножкина әр этномәдени орталықтың ортақ іске үлес қосқанын айтады.
«Біз түрлі шаралар ұйымдастырдық – көрмелер, концерттер, жәрмеңкелер өткіздік. Сондай-ақ ардагерлерге барып, оларды құрметтедік. Бұл тек ҚХА ардагерлері емес, жалпы қоғамға еңбегі сіңген үлкен кісілер. Әрбір бірлестіктің қамқорлығындағы қариялары бар. Біз оларды үйлеріне барып құттықтаймыз, сый-сияпат жасаймыз. Мұның бәрі – көңіл, ықылас. Бұл маған өте жақын дүние», – дейді ол.
Ассамблеяның 30 жылдығы аясында әлі де көптеген шаралар өткізу жоспарланған. Оксана Юрьевна ақсақалдармен болған әңгімесін еске алды.
«Маған бір сөз қатты ұнайды – қалай көктем алғаш Маңғыстауда басталса, ҚХА да ең алғаш біздің өлкеде пайда болды. Бұл – 90-жылдардың соңы, халықтың болашағы бұлдыр, қалай өмір сүру керегін білмей, абдырап жүрген кез еді. Сол уақытта Ақтауда ақсақалдар кеңесі жиналып, әркім өз мәдениетін сақтап, дамыту үшін ұлттық-мәдени орталық құруды ұсынды. Осылайша «Халықтық келісім» бірлестігі Маңғыстауда дүниеге келді. Кейін елге таныстырылып, бүкіл Қазақстан бойынша Ассамблеяға айналды. Бүгінде ҚХА-ның қызметі кеңейіп, өмірдің барлық саласын қамтиды», – деді ол.
Белоножкинаның айтуынша, этномәдени орталықтар тек мәдени шаралармен ғана шектелмейді, қайырымдылық істерге де белсене қатысады. Мәселен, жуырда қандас отбасыға баспана сыйлау мақсатында қор құрып, қайырымдылық концертін ұйымдастырған. Отбасында сегіз бала бар еді, жиналған қаржыға жаңа үй сатып алынды.
Сондай-ақ дағыстандық бірлестікке қолдау көрсетіліп, Түркияда күрделі отаға мұқтаж қыздың еміне қаражат жиналды.
«Осындай сәттерде біздің еңбегіміздің мәні зор екенін түсінемін. Біз үшін ең маңыздысы – эмоция сыйлау. Мысалы, Наурыз мерекесінде бізді мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамы үнемі шақырады, біз оларға концерт қоямыз. Бұл – дәстүрге айналды», – дейді Оксана Белоножкина.
Тағы бір игі дәстүр – Жаңа жыл қарсаңында қарттар үйіне бару.
«Бұл әдет бізде «Ирония судьбы» фильміндегідей басталды. Бірнеше жыл бұрын 29-30 желтоқсанда барғанымызда, залдың жартысы бос тұрды. Сұрасам, лифт істемегендіктен төсек тартып жатқан қариялар түсе алмаған екен. Сол кезде «неге біз дәл 31 желтоқсанда бармасқа?» деген ой келді. Содан бері украин этномәдени орталығы әр Жаңа жылдың алдында Қарттар үйіне барып, әр бөлмеге кіріп, қариялардың қолын алып, сыйлық ұсынып, шағын мереке сыйлайды. Өкінішке қарай, олардың көбі мерекені жалғыз қарсы алады. Ал біз барған сәтте олар қуанып қалады. Қазір әр Жаңа жылдың алдында бізден «барамыз ба?» деп сұрайды. Міне, осылайша адамдардың жүрегі мейірімге толады. Жаңа жыл да мүлде басқа әсермен өтеді», – деп түйіндеді ол.

