
Маңғыстаулықтар джиу-джитсу шебері Жәнібек Әбу-Бәкірді жеңісімен салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қытайдың Чэнду қаласында өткен ХІІ Дүниежүзілік ойындарда Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді сыйлаған маңғыстаулық джиу-джитсу өкілі Жәнібек Әбу-Бәкір елге оралған болатын. Чемпионды Ақтау әуежайында салтанатты түрде күтіп алу рәсімі өтті.
Қарсы алу рәсімінде Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылары, бапкерлер, жергілікті спорт ұйымдарының өкілдері және спорт сүйер қауым жиналып, жеңімпазға зор ықылас көрсетті.
Жәнібек Әбу-Бәкірдің жеңісі тек Маңғыстау спортының ғана емес, күллі Қазақстан спорт қауымдастығы үшін зор мәртебе болып отыр. Ол финалдық белдесуде қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, ел намысын асқақтатқан еді.
Спортшыны күтіп алудан кейін Маңғыстау жұртшылығының қатысуымен той-думан ұйымдастырылды. Жәнібек Әбу-Бәкір – әлемдік ареналарда Қазақстанның туын көкте желбіретіп жүрген жас спортшылардың бірі. Оның бұл жетістігі жасөспірімдерге үлгі болып, Маңғыстау өңірінде джиу-джитсу спортын дамытуға серпін беріп отырған жайы бар.

