
Бұл іс-шараны халықаралық «Save the Caspian Sea» қозғалысы Каспий апталығы аясында ұйымдастырып отыр. «Менің Каспийім» атты конференцияда Ақтау мен Атырау қалаларының тұрғындары Каспий теңізіне байланысты өздерінің жеке әрі кәсіби тарихтарымен бөлісті. Олардың арасында журналистер, еріктілер, экологтар, қоғам белсенділері, блогерлер мен фотографтар болды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараның мақсаты – әлемдегі жалғыз ірі тұйық су айдынына назар аудартуға бағытталған. Каспий теңізінің Халықаралық күніне арналған Каспийдің Жоғары апталығы Қазақстанда 11-16 тамыз аралығында жалғасты. Соның аясында Астанада және Ақтауда түрлі акциялар, көрмелер мен конференциялар ұйымдастырылған болатын.
«Каспийдің Жоғары апталығының ашылуы Астанада өтті. Онда теңіздің құқықтық мәртебесі, экология мәселелері, тартылу проблемалары сияқты маңызды тақырыптар талқыланды. Ал бүгінгі шара – көбірек жеке әсерлерге, жанға жақын естеліктерге арналды. Қатысушылар Каспийге байланысты түрлі оқиғаларды еске алды», – дейді «Save the Caspian Sea» жобасының үйлестірушісі Мира Иман.
Маңғыстау облысы бойынша Каспийді қорғау қозғалысының елшісі ретінде аймақта кең танымал блогер Азамат Сәрсенбае кештің жүргізушісі болды. Конференция спикерлерінің бірі – Ақтаудың Құрметті азаматы, белгілі фотограф Виктор Малюк. Өткен жылы оның «Бұрын – қазір» атты көрмесі өткен болатын. Онда Ақтаудың көне мұрағаттық суреттері мен олардың қазіргі кездегі өзгерген келбеті көрсетілді. Виктор Малюк Маңғышлақ түбегіне алғаш 1960 жылы бала кезінде келгенін айтты. Әкесін осында қызметке жіберген, ал ол анасымен бірге кейінірек ұшып келген.
«Балалық шағым Минералды суларда өтті. Таулары мен ормандары бар әдемі курорттық жерден біз кенеттен шөлге келдік. Тек теңіз бен құм, басқа ештеңе жоқ. Ұшақтан түстік, әкем УАЗ-бен күтіп алды. Біз қазір бірінші шағынаудан орналасқан жерге келдік, ол кезде ол «Шанхай» деп аталатын, түгелдей жеркепелерден тұрған. Баутинодан әкелінген тақтайлардан жәшіктер құрап, жартылай жерге көміп, ішін-сыртын қара рубероидпен қаптап, солайша жеркепе жасайтын. Терезелері жер деңгейінде, кішкентай баспалдақпен кіру керек. Ең қызығы, мен алғаш рет теңізді сол кезде көрдім. Біздің жеркепе ашық жерде орналасқан, теңіз тікелей көрініп тұрды. Бір түнде ыстықтан ұйықтай алмадым да, сыртқа шықтым. Айналаға қарасам, көзім тас төбеде тұрған Айға түсті, ол теңізге шағылысып, тіпті шағылысқаннан да артық – теңіздің ішінен бір тылсым жарық шашылып тұрғандай болды. Мен қатты таңғалдым, арқамнан тікенек жүріп өткендей болды. Ал үстімде – жұлдыздарға толы аспан. Бұрын мұндай аспанды көрмеген едім. Кейін музейде жұмыс істеп жүргенімде жергілікті суретші Беккердің картинасын көрдім. Онда қазіргідей қала бейнеленген, бірақ Ай да зенитте тұрды, теңіз сол баяғыдай жарқырап тұрды. Сол сәтті қайта сезініп, бала кездегідей таңғалдым», - деді ол.
Фотограф әкесімен бірге сол жылдары Солдат жағажайында балық аулағанын да еске алды.
«Әкеме біреу темірден қайық жасап берген еді. Сол қайықпен ескек ескен күйі Солдат жағажайына барып балық аулайтынбыз. Бұл жағажай неге осылай аталды? Қаланы сол кезде құрылысшылар, әскери құрылысшылар мен тұтқындар салды. Оларды теңізге шомылуға әрдайым осы жерге әкелетін. Содан бері атауы сақталып қалды. Ол кезде бұл жерде бычок көп болатын, ал тараны Баутинода аулайтын. Онда сол уақытта балық зауыты, тіпті балық флоты жұмыс істеген. Қалаға азық-түлік жеткізілімі жақсы болды. Баутинодан шаландаларымен балықшылар келіп, осында балық сататын. Мәселен, ваннаға сыймайтын бекіре небәрі 12 рубль тұрды», - деді ол.
Виктор Малюк Ақтаудағы алғашқы жағажай туралы да айтты. Ол қазіргі 1-шағынаудан маңындағы яхт-клубтың жанында болған. Мұнда балалар алаңдары, аттракциондар, ағаш пирстер мен алғашқы стадион орналасқан еді. Фотографтың айтуынша, ол өмір сүрген жылдары теңіз екі рет шегініп, екі рет қайта оралған.
«Оның себебін ғалымдар анықтайды деп сенемін, өйткені бұл ең алдымен экологияға, сондай-ақ кеме қатынасына, қала құрылысына үлкен мәселе. Бірлескен күш-жігермен біз шешімін табамыз деп ойлаймын. Каспий өмір сүре береді, бізді қуантып, игілігін сыйлай береді», - деді ол.
