Жарнама бөлімі
+7 778 145 90 93
Редакция
+7 (7292) 20 48 34
logo
«Ақ Мая» фестивалінде шұбаттан даярланған жаңа сусын көпшілікке ұсынылды
Жанкелді Қаржан
|
20:09, 16 тамыз 2025

Бүгін Маңғыстау облысындағы Айрақты тауында ұлттық дәп-дәстүрді дәріптеген «Ақ Мая» фестивалі өтіп жатыр. Мәдени-танымдық іс-шара аясында ұлттық тағамдардың әр алуан түрі, әсіресе сүт өнімдерін әзірлеудің шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қонақтарға ерекше сусындардан дәм тату ұсынылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Фестивальге қатысушылардың арасында Жаңаөзен сүт зауытының тәжірибелі маманы Шолпан Асанова да бар. Ол 2006 жылдан бері зауытта жұмыс істеп, шұбатты өңдеу ісімен айналысып келеді. Биыл оның осы салада жүргеніне 19 жыл толып отыр.


«Менің негізгі міндетім – фермерлерден келетін сүт пен шұбатты қабылдап, сапасын тексеру. Шұбатты қалай ашыту, қалай тұшыту керектігін бақылап, өндірістік процестердің талапқа сай жүзеге асуын қамтамасыз етемін. Бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді», – дейді ол.


Фестиваль аясында Шолпан Асанова көпшілікке маусымдық ерекше сусынды таныстырды. «Маңғыстау» деп аталатын бұл сусын шұбаттан дайындалады.


«Шеберлік сағатында біз жаз мезгілінде шөлді басатын дәстүрлі сусынды көрсеттік. Оның құрамына шұбат, қайнаған күріш суы және аздаған тұз қосылады. Шұбаттан даярланған дәмді сусын шөл қандырады. Шеберлік сабағына 20-ға жуық адам қатысты, бәрі дәмін татып көріп, жоғары бағасын берді. Ризашылығын білдірді», – дейді Шолпан.


Сонымен қатар ол сүт зауытының өнімдері туралы да айтып өтті.


«Біз тек түйе сүтінен емес, сиыр сүтінен де түрлі өнімдер шығарамыз. Құрттан дайындалған тағамдар, көже, түрлі сусындар бар. Ең бастысы – бұл өнімдердің барлығы табиғи әрі ешқандай консервантсыз. Осындай таза өнімдерді тұтыну денсаулық үшін өте пайдалы», – дейді ол.


Фестивальге қатысқан маман іс-шараның ұйымдастырылуына да жоғары баға берді.


«Ақ Мая» фестивалін өте жоғары деңгейде өткізіп жатыр. Қазақы салт-дәстүрімізді көрсетіп, ұлттық тағамдарымызды насихаттау – ең дұрыс шешім. Әсіресе, маңғыстаулық сусындарымызды көпшілікке таныстыру біз үшін үлкен қуаныш», – деді Шолпан Асанова.


Айта кетейік, «Ақ Мая» фестивалі – ұлттық дәстүр мен жаңа дәуірдегі жасампаз өнерді ұштастырған ерекше жоба. Бағдарламада шұбаттан шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар, дрон және лазерлік шоулар, сондай-ақ эстрадалық концерт ұйымдастырылған. Фестиваль қонақтары Райм, Ерке Есмахан, Әмре, Еңлік, Луина, DJ Abailuck сынды эстрада жұлдыздарының және «Ұлытау» тобының өнерін тамашалай алады.

37
Пікір
Пікірлер
Деректер жоқ
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!