
Айрақтыда өтіп жатқан «Ақ Мая Fest» фестиваліне шетелден де қонақтар келді. Туристер өңірдің тұмса табиғаты мен салт-дәстүріне және ұлттық тағамдарына ерекше қызығушылық танытты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Фестивальді тамашалаған шетелдік туристердің бірі – Италия азаматы Киара. Қазақстанға алғаш рет сапарлап келген ол Маңғыстау өңірінің қонақжай халқымен қауышқанына қуанышты екенін жеткізді.
– Қазақстан – мен үшін жаңа әлем. Маңғыстаудың табиғаты, таулары, халқы мені тәнті етті. Шұбатты алғаш рет татып көрдім – өте ерекше екен, бұрын-соңды татып көрмеген таңсық дәм. Концерттің табиғат аясында, осындай биік таудың баурайында өтуі де ерекше әсер қалдырды, – дейді шетелдік мейман.
Киара секілді өзге де қонақтар шұбаттан түрлі өнім даярлау қыр-сырымен бөлісетін шеберлік сабақтарына қатысып, қазақтың салт-дәстүрімен етене танысты.
