
Маңғыстаудағы Айрақты тауында өтіп жатқан «Ақ Мая» фестивалі аясында ұлттық дәстүрге негізделген дала ойындары ұйымдастырылды. Қатысушылар гір көтеру, асық ату және садақ ату секілді спорттық жарыстарда өз күшін сынап, мергендігі мен ептілігін көрсетті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Дала ойындары – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан көне дәстүр. Мәселен, асық ату жас ұрпақты мергендікке, дәлдікке, ал садақ ату батырлық пен ептілікке баулыған. Ал гір көтеру күш пен төзімділікті сынап, ер жігіттің қажыры мен қарымын көрсететін ойын ретінде бағаланған. Осындай сайыстардың бүгінгі күні қайта жандануы жастардың бойына ұлттық рух пен қайсарлықты сіңіруді көздейді.
Спорттық сайыстардың басты мақсаты – ұлттық ойындарды ұрпақ жадында жаңғыртып, оларға жаңа заман сипатын беру, жастардың қызығушылығын арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сайыстар қатысушыларды батылдыққа, шапшаңдыққа және командалық рухқа тәрбиелейді.
«Ақ Мая» фестивалінде ұлттық ойындардан бөлек, қонақтарға шұбаттан шеберлік сағаттары, этнографиялық көріністер ұсынылады, сондай-ақ кешке дрон және лазерлік шоулар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар отандық танымал әртістердің қатысуымен үлкен музыкалық бағдарлама өтеді. Кеш қонақтарына Райм, Ерке Есмахан, Әмре, Еңлік, Луина, DJ Abailuck және әлемге танымал «Ұлытау» тобы өнер көрсетеді.
