Жарнама бөлімі
+7 778 145 90 93
Редакция
+7 (7292) 20 48 34
logo
ҚХА: Біз ең қымбат нәрсені сақтау үшін бар күшімізді бағыттап отырмыз
Жанкелді Қаржан
|
17:32, 16 тамыз 2025
otpannews.kz

Осыдан отыз жыл бұрын Тұңғыш президенттің Жарлығымен Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылған болатын. 2007 жылы ол Қазақстан халқы Ассамблеясы болып қайта аталды. 30 жылдан кейін де АНК дамып, жетіліп, жұмысын жалғастырып келеді. Ассамблеяның қоғамдағы рөлі, оның мүшелері белсенді қатысып жүрген акциялар және олардың қарапайым адамдардың өмірін жақсартудағы үлесі туралы otpannews.kz тілшісі Маңғыстау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, «Т.Г.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігінің» төрайымы Оксана Белоножкинамен сұхбаттасты.

 

Оксана Белоножкина «ҚазМұнайГаз» ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейді. Ол – геология саласының маманы. 2019 жылы Оксана Юрьевна Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі атанып, украин қоғамдық бірлестігінің төрайымы болып сайланды. Оның айтуынша, бұл кезең оңай болмаған. Өйткені қоғамдық қызметі пандемия кезімен тұспа-тұс келді.

 

«Сол уақытта Ассамблея өзінің бағытын сәл өзгертті деп ойлаймын. Ол тек мәдениет пен дәстүрлерді дамытуға ғана емес, ең бастысы – денсаулығымызды, өмірімізді сақтауға, жақыныңа көмек беруге бар күшін салды. Дәл сол кезде Ассамблеяның белсенді қайырымдылық қызметі басталды. Менің де жұмысым қайырымдылықтан басталды. Сол акцияның әсері жүрегімде, жанымда әлі сақталып қалды. Маған Батыр ауылындағы ковид орталығында жұмыс істеп жүрген дәрігермен кездесуді тапсырды. Оның бес кішкентай баласы бар екен, бірақ бірнеше ай бойы үйіне бармаған. Бұл оқиға мені қатты толқытты. Біз балаларға тәттілер, азық-түлік сатып алдық. Дәрігерге хабарласқанда, ол ұзақ уақыт үйіне бармағанын, бірақ қазір де бармайтынын айтты. Әрең көндірдік, бірақ бір ғана шарты болды – жолда кездесу. Сол сәт әлі есімде: еңгезердей ер адам тұр, жанында кішкентай балалары мен анасы. Оның сонша уақыт бойы балаларын көрмегенін ойлағанда жүрегім сыздады. Сол сәтте кішкентай ғана акциямыз оның да, біздің де күш-жігерімізді арттырды. Өйткені ол өз өмірін қатерге тігіп, адамдарды құтқарды, бірақ ұзақ уақыт отбасынан жырақта қалды. Сол күннен бастап менің өмірім күрт өзгерді», – дейді Оксана Белоножкина.

 

Ол уақытта Маңғыстау облысы АНК мүшелері ковид орталықтарына барып, әртүрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды, қаражат пен азық-түлік жинауға көмектесті, ауруханаларға айран мен қымыз жеткізді. Кейін Қостанай облысындағы су тасқыны мен өрт кезінде де қол ұшын созды. Сол кезде 10 тоннадан астам гуманитарлық жүк жиналды.

 

«Тарас Шевченко атындағы бірлестік те үнемі қайырымдылық акцияларын, концерттер мен жәрмеңкелер өткізеді. Мәселен, су тасқыны кезінде біз қомақты қаржы жинап, АНК жанындағы қайырымдылық қорына, сондай-ақ «Жомарт жан» қорына аудардық. Қостанайдағы өрт кезінде теңіз жағалауында Сорочин жәрмеңкесін өткізіп, түскен барлық қаражатты зардап шеккендерге жібердік. Қазір «Мектепке жол» акциясы өтіп жатыр, оған да қатысып жатырмыз. АНК-ның қайырымдылық шараларына белсенді араласуы – уақыт талабы», – дейді ол.
47
Пікір
Пікірлер
Деректер жоқ
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!