
Мемлекет Президентінің бастамасымен ҚХА-ның мерейтойлық сессиясында бірқатар шешімдер қабылданды. Соның бірі – белгілі тұлғаларға арналған көрмелер ұйымдастыру. Осындай іс-шаралардың бірі – Ақтау қаласындағы облыстық музейде өткен Т.Г.Шевченкоға арналған көшпелі «тірі» көрме болды. «Тірі» деп аталуының себебі – онда украин халқының ұлттық әндері орындалып, дәстүрлері мен ұлттық тағамдары ұсынылды. Ал Форт-Шевченко қаласындағы музей директоры қазақ тіліндегі әнді сыйға алды, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Т.Г.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігінің» төрайымы Оксана Белоножкина Ассамблея мүшелерінің мемлекеттік тілді дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтады.
«Біз алғашқы қазақ тілі клубын 2022 жылы құрдық. Біздің шығармашылық ұжымдарымыз үшін қазақ және украин тілдерінде әндерді араластырып орындау дәстүрге айналды. Қазақ тілі клубы әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Үш жылдың ішінде ол кеңейіп, форматы өзгерді. Қазір біз онлайн көбірек жұмыс істейміз, ал офлайнда тұрақты қалыптасқан негізгі құрам жиі бас қосады. Мен «ҚазМұнайГаз» компаниясында ішкі тренермін және әрдайым курстардың тиімді болмайтынын айтамын. Сол себепті біз достық форматтағы жылы жүздесулер ұйымдастырамыз. Чатымызда қазірдің өзінде жүзден астам адам бар», – дейді Оксана Белоножкина.
Клуб жиі таңғы ас үстінде кездесулер өткізіп, мемлекеттік тілде әңгімелеседі. 2022 жылдан бері қатысып жүргендердің көбі қазір қазақша еркін сөйлейді.
«Бізде өзіміздің ұрандарымыз, қысқа қайырылатын сөздеріміз, тұрақты тіркестеріміз бар. Абай Құнанбаевтың мерекесі күні көптеген клуб мүшелері Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жатқа айтатынын қуанышпен байқадым. Бұл мені қатты қуантты. Клубтың басты идеясы – адамдар тілдік кедергіден қорықпау керек деген ой еді. Әсіресе үлкен жастағы адамдарға қиын тиеді. Клубқа түрлі этнос пен кәсіп өкілдері кіреді. Олардың арасында басқа елден келіп, қазақ тілін үйренгісі келетіндер де бар. Сондай-ақ, Қазақстанның өзге өңірлерінен келген, бірақ белгілі бір себеппен ана тілін білмейтін адамдар да бар. Олар – әртүрлі адамдар, бірақ бәрі өте жақсы жандар», – дейді ол.
Клуб мүшелерінің Жаңа жыл қарсаңында бас қосуы да дәстүрге айналған. Осындай мерекелердің бірінде «Колобок» ертегісінің желісі бойынша қазақ тілінде спектакль қойған. Бірақ басты кейіпкер – бауырсақ болды.
«Бұл өте біріктіруші шара болды. Осындай кездесулеріміз көп өтті. Айтпақшы, клубқа келгендердің бәрі кейін АНК-ның іс-шараларына да белсене қатыса бастады», – деп қосты Оксана Белоножкина.
