Маңғыстау облыстық коалиция мүшесі Қаламқас Тілеубаева Жаңа Конституцияның артықшылықтарына тоқталды
Маңғыстау облыстық коалициясының мүшесі Қаламқас Тілеубаева жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістердің ауқымдылығы мен маңыздылығына ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, 30 жыл бұрын қабылданған Ата заңға шамамен 80 пайызға жуық өзгеріс енгізілуі – уақыт талабы. Қоғам дамып, мемлекет жаңа кезеңге қадам басқан сайын құқықтық негіз де соған сай жаңарып отыруы тиіс. «Біз қоғамдағы өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, дүниежүзілік деңгейдегі ілгері реформалардан қалыс қалмауымыз керек», – дейді ол.
Әсіресе, жаңа Конституцияда жасанды интеллект, ақпараттық технологияларды дамыту және оларды барлық салаға кеңінен енгізу мәселелеріне басымдық берілгені маңызды қадам ретінде бағаланды. Бұл бастамалар елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, заманауи экономиканың берік негізін қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар, әлеуметтік саладағы өзгерістердің енгізілуі – халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға жасалған нақты қадам.
Қаламқас Тілеубаеваның пікірінше, осындай ауқымды әрі заман талабына сай өзгерістерді алдағы референдумда бірауыздан қолдау – әрбір азаматтың ел болашағына қосқан үлесі болмақ.