Көлік министрлігі: Жаңаөзен-Түркіменстан жолының жөндеуі 2026 жылы аяқталады
ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында трансшекаралық хабтардың көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етілгені туралы баяндады, деп хабарлайды otpannews.kz.
ҚР көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Каспий торабы аясында Ақтау және Құрық теңіз порттарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жыл соңына дейін қытайлық Ляньюньган компаниясымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлік хабтың 1-ші кезегінің құрылысы аяқталады. Жалпы, жобаны жүзеге асыру кезінде контейнерлік хабтың қуаты жылына 200 мың ЖФЭ-ге дейін жеткізілетін болады. Сондай-ақ Ақтау портында порт акваториясын тереңдету, айлақтарды жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асырылуда.
«Құрық портында «Саржа» көпфункционалды терминалын салу жобасы жүзеге асырылуда. Каспий теңізі арқылы контейнерлік тасымалдарды ұлғайту үшін 2027 жылға дейін Әзербайжанда сыйымдылығы 700 контейнер болатын екі кеме сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ порттарға баратын теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілетін 30 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді», — деп толықтырды Нұрлан Сауранбаев.
Сонымен қатар, ведомство басшысының мәліметінше, Жаңаөзен қаласын Түркіменстанмен байланыстыратын автомобиль жолдарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аяқталу мерзімі – 2026 жыл.