Ақтауда Ұлттық ұлан сарбаздарына білім гранты табысталды
Ақтау қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 6656 әскери бөлімінде қызметін абыроймен атқарған 12 сарбазға «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында мемлекеттік білім беру гранты табысталды, деп хабарлайды otpannews.kz «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сарбаз 2.0» бағдарламасы жыл сайын екі мыңнан астам жас жауынгерге жоғары оқу орындарына тегін білім алуға мүмкіндік береді. Бұл — әскери борышын мінсіз өтеген жастарды қолдауға бағытталған маңызды жоба.
Грант иегерлерінің бірі - қатардағы жауынгер Ахмеджан Агапашев. Бір жылдық әскери қызмет кезеңінде ол тәртіптілігімен, шыдамдылығымен, белсенділігімен көзге түсіп, «үздік жауынгер» атанған. Енді ол еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсуді жоспарлап отыр.
Әскери қызмет маған ерік-жігер мен тәртіпті үйретті. Елім алдындағы борышымды адал атқаруды басты міндетім деп білдім. Сол еңбектің еленгеніне қуаныштымын. Болашақта алған білімімді ел игілігіне жұмсағым келеді, – деді Ахмеджан Агапашев.