Ақтауда көз ауруларын емдейтін халықаралық клиника ашылды
Ақтауда озық технологиялар арқылы кез келген көз мәселесін шешетін “Asiakoz” халықаралық клиникасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бұл орталық – Қазақстан мен Түркияның медицина саласындағы ынтымақтастығының жаңа кезеңі. Клиника дәрігерлерінің айтуынша, олардың басты мақсаты – заманауи технология мен түрік медицинасының тәжірибесін біріктіре отырып, елімізге сапалы ем ұсыну.
Салтанатты іс-шараға қала әкімі Әбілқайыр Байпақов, облыс әкімінің орынбасарлары Аббат Өрісбаев пен Тілеген Әбішев, сала ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Бұл орталықта жергілікті кәсіби дәрігерлерден бөлек Түркиядан келген білікті мамандар да жұмыс істейді. Солардың бірі осы салада 25 жылдық тәжірибесі бар – Эрол Джошкун. Ол офтальмология және хирургия саласында қызмет етеді.
“Маған келген емделушілер бойынша айтар болсам, облыс тұрғындарында ең көп кездесетін мәселелер – глаукома, катаракта, қант диабеті әсерінен пайда болған – ретинопатия, қыли көз ауруы, көз ішіне ет өсуі, яғни, птеригиум. Осы және көзге қатысты өзге де көз ауруларыңыз болса бізге алдын ала жазылып, орталыққа келіңіз. Клиникамызда көруді лазер арқылы қалыпқа келтіру отасы да жасалады”,- деді дәрігер Эрол Джошкун.
“Asiakoz” клиникасы – Ақтауда кездеспейтін, әлемдік және еуропалық стандартқа сай әдістермен ота жасайды. Орталық 2 айдан бері пациент қабылдауда, сол аралықта 80-ге жуық ота жасалған.
“Менің жасым 87-де. “Азия көз” клиникасына келіп, ота жасатқаныма қуаныштымын. Отадан бері 5-6 күн өтті. Қазір көзім жақсы көріп, өз жолымды өзім еркін тауып жүрмін”,- деді Мария Қожамсырова.
Жиында қала әкімі мен облыс әкімінің орынбасарлары сөз сөйлеп, клиниканың ашылуымен құттықтады.
“Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай медицина саласын әрдайым басты назарда ұстайды. Облыс тұрғындардың денсаулығы мен медициналық мекемелердің қызмет сапасын бақылауда ұстауға қашан да тырысып келеді. Сондай сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындардың көзге қатысты мәселесін шешетін тағы бір клиника өз ісін бастап жатыр. Бүгінгі салтанатты жиыннан бұрын емхана жұмыс істеп бастағалы мен де келіп көрдім. Эрол мырзаның емделушілерді қабылдағанына куә болған едім. Сондықтан бұл клиника болашағынан зор үміт күттіретініне менің сенімім мол. Әлемнің озық технологиясын Ақтауға әкеліп, өңір тұрғындарында осындай мүмкіндік пайда болғанына қуаныштымын. Істеріңізге береке берсін! Деніміз сау болсын!”- деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.