Түпқарағанда ірі көлемдегі синтетикалық есірткімен екі адам ұсталды
Маңғыстау облысында жүргізілген жедел алдын алу шарасы кезінде Түпқараған ауданының екі тұрғынынан синтетикалық есірткіні заңсыз сақтау дерегі анықталды. Операцияға есірткі қылмысына қарсы қызмет мамандары, арнайы жасақ сарбаздары және қызметтік ит қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Тексеру барысында күдіктілерден альфа-PVP есірткі заты салынған бірнеше түйіншек табылып, тәркіленді. Сонымен бірге күдіктілер көрсеткен жасырын жерден қосымша түйіншек анықталды. Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың жалпы салмағы 279 грамм екені анықталып, бұл көлем «аса ірі» санатына жатқызылды. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Заңнамаға сәйкес, есірткіні аса ірі көлемде заңсыз сақтау қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Тергеу барысында екі күдіктінің бірі Түпқараған ауданындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Екіншісіне елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат беру түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Құқық қорғау органдары есірткі қылмысына қарсы жұмысты жалғастырып, тұрғындарды күмәнді деректер туралы дереу полицияға хабарлауға шақырды.