МКД алаяқтардың жаңа схемасы туралы ескертті
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қазіргі уақытта интернет-алаяқтар электрондық пошта мекенжайларына «Салықты шұғыл төлеу қажеттігі туралы ескерту» деген жалған хабарламалар жіберуді жалғастырып жатқанын хабарлайды. Сондай-ақ бұрыннан белгілі әдіс бойынша мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері ретінде танысып, қоңырау шалып, салықтық есептіліктің (270-нысан) жоқтығы туралы жалған ақпарат таратады, деп хабарлайды otpannews.kz өңірлік МКД-ға сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта алаяқтар өздерін курьер ретінде таныстырып, салық төлеушінің атына салық органынан хат келгенін айтады. Хатты жеткізу қызметін МКК (салық органы) төлейді деп сендіріп, мекенжайға жеткізуді ұсынады.
Содан кейін жәбірленушінің телефонына 1414 нөмірінен «Enbek.kz» атынан алты таңбалы код жіберіп, процесті аяқтау үшін сол кодты айтуын сұрайды.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қырағылық танытуға және жалған хабарламаларға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, кодтар мен нөмірлерді ешкімге айтпауға, алынған ақпараттың дұрыстығын тексеруге және алаяқтардың айла-тәсілдеріне ермеуге шақырады.