Otpan News Logo

Маңғыстаудың төрт ұстазы «Үздік педагог» атанды

|
26.11.2026 23:35
Маңғыстаудың төрт ұстазы «Үздік педагог» атанды

OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысының төрт педагогі «Үздік педагог – 2026» республикалық байқауында жеңімпаз атанып, құрметті атаққа ие болды. Биыл республикалық кезеңге өңірден 10 мұғалім қатысқан. Бұл туралы Маңғыстау облысының білім басқармасы хабарлады.


Байқау жеңімпаздары қатарында:


  • Бакаев Альбек Талгатулы – Ақтау қаласындағы №30 жалпы білім беретін мектептің физика пәні мұғалімі;
  • Сейниханова Айжан Салимовна – Ақтау қаласындағы №13 гимназияның тарих пәні мұғалімі;
  • Абуова Эльмира Талгатовна – Мұнайлы ауданындағы №9 жалпы білім беретін мектептің биология пәні мұғалімі;
  • Казиева Майра Алибаевна – Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы.


ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастыратын дәстүрлі байқау педагог мәртебесін арттыруға, кәсіби шеберлігі жоғары ұстаздарды анықтап, олардың тәжірибесін қолдауға бағытталған.


Биыл байқау аудандық (қалалық), облыстық және республикалық деңгейде үш кезең бойынша өтті. Қатысушылардың кәсіби құзыреттілігіне, оқыту үдерісінде заманауи және инновациялық әдістерді қолдану деңгейіне басымдық берілді.


Үміткерлердің авторлық бағдарламалары мен кәсіби жетістіктері цифрлық платформа арқылы бағаланды. Ал республикалық кезеңге өткен педагогтер бейтаныс сыныптарда ашық сабақ өткізіп, өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетті.


Байқау жеңімпаздарына «Үздік педагог» төсбелгісі мен 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы табысталады.

10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!