Ақтау қаласында мүлік салығын қате төлегендер артық төлемді қалай қайтарады?
Ақтау қаласының мүлік салығын қате көрсетілген жоғары сомамен төлеп үлгерген тұрғындары артық төленген қаражатты қайтара алады. Қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасы ақшаны қайтару тәртібі мен аудару мерзімдерін түсіндірді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұған дейін жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеу кезінде орын алған техникалық ақау салдарынан тұрғындардың бір бөлігіне нақты есептелген сомадан айтарлықтай жоғары көрсетілген хабарламалар келген болатын.
МКБ мәліметінше, мамандар қазіргі уақытта қатені түзету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін деректер түзетіліп, салық есептеулері сәйкестендіріледі.
Қате есептеулер бойынша төлем жасап қойған азаматтар артық төленген соманы қайтару туралы өтініш беруі қажет.
Өтінішті бірнеше тәсілмен рәсімдеуге болады:
- МКК-нің «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасы арқылы;
- eGov.kz электрондық үкімет порталында;
- e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында;
- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы қағаз түрінде.
Ведомство өкілдері қайтарым өтініш беруші көрсеткен банктік шотқа жүргізілетінін түсіндірді. Егер салық төлеушінің бюджет алдында берешегі болмаса, ақшалай қаражат өтініш мемлекеттік кірістер органдарында тіркелгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде аударылады.