Ақтау – Үрімші: FlyArystan жаңа әуе бағытының ашылуына орай маңғыстаулықтарға инфотур ұйымдастырды
Маңғыстау облысының туристік агенттері, блогерлері мен журналистері Ақтау – Үрімші бағыты бойынша ашылған тікелей әуе рейсінің алғашқы жолаушысы болып, Қытайдың Үрімші қаласына ұйымдастырылған ақпараттық турға қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz сайтының тілшісі.
Ақпараттық турды FlyArystan әуекомпаниясы мен Маңғыстау облысының туризм басқармасы ұйымдастырды. Төрт күнге созылған сапар барысында маңғыстаулық делегация Үрімшінің табиғи, мәдени және туристік нысандарын аралап, жергілікті туризм индустриясының жұмысымен танысты.
Инфотур аясында делегация Үрімші қаласы мен оған жақын орналасқан бірқатар көрікті жерді аралады. Қатысушылар Тяньшань шатқалы мен таудың баурайындағы Боғда көлінің табиғатына тамсанып, қаланың экологиялық саябағында болды. Сондай-ақ Орта Азиядан тараған әйгілі ақалтеке жылқыларының шоуын тамашалап, Үрімшінің этномәдени ерекшеліктерімен танысты.
Маңғыстаулық туристік агенттің айтуынша, Үрімші қазақстандық туристер үшін тек сауда орталығы ғана емес, табиғаты көркем, тарихи-мәдени орындары мол туристік бағыт ретінде қызығушылық тудырады.
- Бұған дейін көпшілік Үрімшіні тек сауда жасауға баратын қала ретінде білетін. Бұл сапарда оның көрікті жерлері, заманауи туристік нысандары, сапалы сервистері бар екеніне көз жеткіздік. Біз Тяньшань шатқалы мен Боғда көлінің сұлулығына тәнті болдық. Қытай мен ұйғыр мәдениетінің синтезін байқадық, ерекше дәмдеуіштермен дайындалатын жергілікті тағамдардан дәм таттық. Ең бастысы – енді жаңа мәдениетпен танысу үшін Ақтаудан тікелей ұшуға мүмкіндік бар. Бұл туристер үшін де, туроператорлар үшін де өте қолайлы. Болашақта осы бағыт бойынша арнайы туристік пакет әзірлейміз. Одан бөлек Қытайдан біздің өңірге келетін туристерге де қызмет көрсетеміз, - деді ақпараттық турға қатысқан «Мұнайтур» компаниясының басшысы Марал Батырқожаева.
Маңғыстау облысының туризм басқармасы жаңа әуе бағыты екі ел арасындағы туристік байланысты жаңа деңгейге көтереді деп бағалады.
- Ақтау – Үрімші бағыты бойынша тікелей рейстің ашылуы екі ел арасындағы туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды нығайтудың маңызды бастамасы. Біз FlyArystan компаниясымен бірлесіп осы ақпараттық турды ұйымдастырдық. Турагенттеріміз Үрімшінің туристік әлеуетімен танысып, жаңа бағыттарды зерделеді. Қазір Қазақстанға, оның ішінде Маңғыстауға келетін қытайлық туристердің саны артып келеді. Бұған Джеки Чанның өңірімізде кино түсіруі, сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің халықаралық шоуының Маңғыстауда өтуі де оң әсерін тигізді. Сондықтан бұл әуе бағыты өңір туризмінің дамуына елеулі серпін береді деп сенеміз, – деп атап өтті туризм басқармасындағылар.
Қытайда оқитын қазақстандық студенттер де жаңа әуе бағыты Маңғыстау мен Шыңжаң өңірі арасындағы жолды жақындатты деді.
- Мен Ақтау қаласының тұрғынымын. Үрімші қаласындағы жоғары оқу орнында 2 курста оқимын. Үрімшіден Ақтауға тікелей рейс ашылғанынан өте қатты қуаныштымын. Бұрын алдымен Шымкент қаласына ұшып, кейін Ақтауға келетін едік. Енді Ақтауға тез жетуге болады. Бұл біздің өңірге Қытайдан туристердің келуіне де қолайлы. Менің шетелдік достарым Бозжыра шатқалы мен Каспий теңізі туралы жиі сұрайды, - деді Мөлдір Муса.
Айта кетейік, Қазақстанның батысынан Қытайдың ірі қалаларының бірі Үрімшіге тікелей қатынауды FlyArystan әуекомпаниясы іске қосты. Рейс аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері орындалады. Ұшу ұзақтығы шамамен 3 сағат 50 минут.