Қазақстан таңдауын жасады
Шебір ауылында есімі ерекше Қазақстан ақсақал дауыс берді.
Маңғыстау ауданына қарасты Шебір ауылындағы №179 референдум учаскесіне есімі ерекше — Қазақстан Жүзбаев келіп, өз таңдауын жасады.
68 жастағы қария бүкіл саналы ғұмырын туған жерінің өркендеуіне арнаған. Ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығында, кейін «Қаражанбасмұнай» кен орнында абыройлы еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар. Ол кісінің есімі тек ауылдастары үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін мақтаныш.
«Менің есімімді атам қойған екен. Содан бері қайда барсам да, адамдар атыма таңырқап та, сүйсініп те жатады. Өз елімнің атын иеленіп жүру — мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Сондықтан бүгінгі референдумнан да қалыс қалмай, Отанымның, яғни «аттасымның» болашағы үшін дауыс беруге келдім», — дейді ақсақал күлімсіреп.
Қазақстан атаның айтуынша, еліміздің әрбір қадамы мен жаңаруы ол үшін ерекше маңызды. Ол 1 ұл, 3 қыздан тараған немерелерінің ертеңі жарқын болсын деген ниетпен өз таңдауын жасады.
Айта кетейік, еліміз бойынша «Қазақстан» есімі бар-жоғы 31 адамда ғана кездеседі. Олардың екеуі Маңғыстау облысында тұрады. №179 учаске мүшелері есімі ерекше ақсақалды жылы қарсы алып, оның азаматтық белсенділігіне алғыс білдірді.