
Бейнеу ауданындағы тұрғын үйлер мен құдықтарды жайлаған қара қоңыздар сараптамаға жіберілді. Зертхана қорытындысы бүгін шығуы тиіс. Мамандар тұрғындарға өздігінен улау жұмыстарын жүргізбей, арнайы дезинфекция қызметтеріне жүгінуге кеңес беріп отыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бейнеу аудандық аумақтық инспекциясы тұрғындар өз ауласының тазалығына өзі жауапты деп отыр.
Қазақстан Республикасының «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңының 14-бабының 5-тармағына сүйенсек, жеке және заңды тұлғалар зиянды организмдердің шамадан тыс көбеюіне және таралуына жол бермеуге міндетті екенін айтады. Яғни әр адам өз ауласын, аумағын таза ұстауы тиіс. Заң талаптарына сәйкес, зиянды организмдердің шамадан тыс таралуына жол бермеуге міндетті. Осыған орай, әрбір тұрғын қара қоңызды өздігінен жоюы тиіс. Бұл үшін арнайы дезинфекциялық мекемелерге жүгіну қажет, - дейді Бейнеу аудандық аумақтық инспекциясының мамандары.
Мамандардың айтуынша, қара қоңыздар қауіп төндірмейді, яғни адамға зияны жоқ. Фитосанитария мамандарының сөзінше, бұл табиғи-климаттық жағдайларға байланысты туындаған құбылыс.
Бұл - табиғи құбылыс. Мұндай жағдайларға ешкім де толық ықпал ете алмайды. Дегенмен, біз бұл қоңыз түрін нақты анықтап жатырмыз. Зертханалық сараптамаға жолдадық. Қоңыздың карантиндік зиянкес пе, әлде карантинге жатпайтын түрі ме оны сараптама көрсетеді. Нәтижесі белгілі болған соң, нақты жауап береміз, – деді Бейнеу аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Дастан Мұханов.
Бейнеу ауданының тұрғындары шамамен бір аптадан бері қаптаған қара қоңыздан құтыла алмай әлек. Бұған дейін халық әкімдік тарапынан бұл мәселеге назар аударылмай отырғанына шағымданған болатын. Тұрғындардың айтуынша, жәндіктер күн батып, қас қарайғанда ғана шыға бастайды.
Осы қоңыздар балалардың құлағына кіріп, шағып ала ма деп қорқып, немерелерімді Ақтауға қыдыртып жібердім. Қайта-қайта өлтіріп жатырмыз, бірақ өлтірген сайын көбейіп жатыр. Кеше аздап жаңбыр жауды, содан кейін көбейіп кетті. Соңғы бес күннен бері түнде дұрыс ұйықтай алмай жүрміз, – дейді Бейнеу ауылының тұрғыны Бақыт Тілеумұратова.
Қоңыздар құдықтардың ішіне дейін түсіп, халық су іше алмай отыр.
