Otpan News Logo

Ақтаудағы арнайы ХҚКО-ларда қарбалас: жүргізушілер нөмірді өздері таңдай бастады

Ақтаудағы арнайы ХҚКО-ларда қарбалас: жүргізушілер нөмірді өздері таңдай бастады


Жаңа жылдан бастап Ақтаудағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында келушілер саны күрт артты. Қарбаласқа мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін рәсімдеудің жаңа тәртібі себеп болды. Осыған дейін көлік нөмірлері автоматты түрде берілсе, енді жүргізушілер сандар мен серияны таңдай алады, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жаңашылдық туралы ақпарат тарағаннан кейін арнайы ХҚКО-ларға ағылған көлік иелерінің қарасы көбейген. Жаңа қызмет, әсіресе нөмірдің сыртқы көрінісі мен ерекшелігіне мән беретін автокөлік жүргізушілерінің қызығушылығын тудырды. Ақтауда 362 және 012 сериялы нөмірлерге сұраныс жоғары. Сонымен қатар, қала тұрғындары өз есімдерінің бас әріптері немесе қысқартылған нұсқалары бар тіркеу белгілерін жиі рәсімдей бастаған. Танымал комбинацияларға қол жеткізу үшін кейбір автокөлік иелері арнайы ХҚКО-ға таң сәріден келіп, кезекке тұрып жүр.


5 қаңтардан бастап нөмірді өз қалауымызбен таңдауға болатынын естідім. Сол себепті бірден ХҚКО-ға келдім. Бірақ сұраныс өте жоғары екен. Әсіресе, әдемі нөмірлерге қызығатын ер адамдар көп. Мен өз атымның алғашқы үш әрпі бар серияны алғым келген еді, алайда ол бос емес болып шықты. Қазір басқа нұсқаларды қарап жатырмын, – дейді қала тұрғыны Бақытжан Исмаил.


Жеке таңдау арқылы қалыптастырылатын мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің құны 43 250 теңгеден 64 875 теңгеге дейін жетеді. Нөмірді рәсімдеу үшін азаматтың арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына жеке өзі келуі қажет.


5 қаңтардан бастап азаматтарға арнайы ХҚКО арқылы мемлекеттік тіркеу нөмірлерін өз қалауымен таңдауға мүмкіндік берілді. Әріптік-сандық комбинациясы еркін таңдалатын нөмірлердің құны 10 және 15 айлық есептік көрсеткішті құрайды, – деді Маңғыстау облысы полиция департаменті әкімшілік полициясының процестік орталығының бастығы Ерлан Кезбаев.


Айта кетейік, арнайы ХҚКО-ларда берілетін стандартты мемлекеттік тіркеу нөмірінің құны 12 мың теңге. Ал жеке таңдалатын нөмірдің бағасы оның сиректігі мен эстетикалық тартымдылығына тікелей байланысты. Яғни комбинация неғұрлым ерекше болса, құны да соғұрлым жоғары болады.

65
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!