Otpan News Logo

Ақтаулық оқушылар үш жылдан бері таңертең кітап оқуды қалай әдетке айналдырды?

Ақтаулық оқушылар үш жылдан бері таңертең кітап оқуды қалай әдетке айналдырды?

OTPANNEWS.KZ – Ақтаулық ұстаз Темірлан Жұмалиев білім саласында жеті жылдан бері еңбек етеді. Одан бөлек мұғалім оқушылар арасында кітап оқу мәдениет арттыруға үлес қосып жүр. 


Ол «Ренессанс» мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Темірлан Жұмалиевтің айтуынша, мектептің негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Осы мақсатта білім ордасында күнделікті таңғы тәртіп кітап оқудан басталады.


Мектепте сағат 09:00-ден 09:20-ға дейін мұғалімдер мен оқушылар бірге кітап оқиды. Бұл дәстүрдің қалыптасқанына биыл үш жыл.


Оқушылар мен ұстаздар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды көздеген мектеп алдағы уақытта «Оқырмандар клубын» құруды жоспарлап отыр.


«Ұстаздар мен оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін жыл сайын түрлі байқаулар ұйымдастырамыз. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар ата-аналар арасында да түрлі сайыстар өткіземіз. Мәселен өткен жылы ата-аналарға Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық еңбегін оқуды ұсындық. Екі ай ішінде кітапты оқып, меңгерген ата-аналар сенбі күні мектепке келіп, тест тапсырды. Жоғары нәтиже көрсеткендер бағалы сыйлықтарға ие болды», – дейді Темірлан Жұмалиев.


Ұстаздың сөзінше, кітап оқуға ынталандыратын клубтар мен бастамалар көбейсе, тұрақты оқырмандардың қатары да арта түседі.


Темірлан Жұмалиев оқушылардың білімін жетілдіруге көмектесу мақсатында оқу-әдістемелік құрал мен тест тапсырмалары жинағын әзірлеген. Жалпы таралымы 3 мың дана болған кітапшаны оқушылар тестке дайындық барысында пайдаланып жүр.


«Тестке дайындалатын оқушыларға ыңғайлы болу үшін арнайы кітапша шығардым. Негізгі мақсатым – оқушылардың тақырыптарды сапалы әрі қолайлы тәсілмен меңгеруіне көмектесу», – дейді ұстаз.
86
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!