Otpan News Logo

Елдің дамуы нақты іспен өлшенеді

|
10.11.2026 15:18
Елдің дамуы нақты іспен өлшенеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – елдің одан əрі дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын тарихи маңызы бар құжат. Жолдауда еліміздің болашағына, экономиканың дамуына, өңірлердің өркендеуіне жəне халықтың əл-ауқатын арттыруға қатысты маңызды міндеттер айтылды.


Әсіресе 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсынысқа ерекше назар аудардым. Бұл елдің инфрақұрылымын жаңартып, қалалар мен ауылдардың дамуына серпін беруге бағытталған маңызды бастама деп білемін.


Ендігі басты мəселе – осы жоспарлардың нақты іске асуы. Бұл бастамалардың біздің Маңғыстау өңірі үшін де маңызы зор. Өңіріміздің əлеуеті жоғары, экономикалық мүмкіндіктері мол. Осы мүмкіндіктерді халықтың игілігіне жарату керек.


Маңғыстауға сапалы жолдар, заман талабына сай əлеуметтік нысандар, мектептер мен ауруханалар, спорт кешендері, кітапханалар жəне балаларға арналған орталықтар қажет. Əсіресе аудан мен ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға басымдық берген жөн. Ақтау қаласымен қатар, облыстың барлық елді мекенінде қолайлы өмір сүруге жағдай жасалуы қажет.


Құрылыс қарқынын жаңа жұмыс орындары, кəсіпкерлікке берілген мүмкіндік жəне халықтың өмір сапасына қосылған үлес тұрғысынан қарау керек.


Маңғыстауда құрылыс саласының дамуы жергілікті кəсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, отандық өндірістің өркендеуіне жəне жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал ете алады. Сондықтан мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру кезінде өңір кəсіпкерлерінің əлеуетін де тиімді пайдаланған маңызды.


Цифрландыру, жасанды интеллект, ғылым мен білімді дамыту болашақ экономикасының негізгі бағыттары екені сөзсіз. Маңғыстау жастары да заманауи технологияларды меңгеріп, сапалы білім алып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуі тиіс.


Мемлекет басшысы өнеркəсіп, энергетика, көлік жəне ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ауқымды міндеттер қойды. Оларды жүзеге асыру үшін білікті мамандар даярлау, кəсіптік білім беруді дамыту жəне еңбеккерлерді уақытылы қайта оқыту қажет.


Маңғыстау облысының дамуы – тек бүгінгі күннің міндеті емес, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Өңіріміздің табиғи байлығы мен экономикалық əлеуеті халықтың əл-ауқатын арттыруға, жаңа өндірістер ашуға, кəсіпкерлікті дамытуға жəне жастардың болашағына қызмет етуі керек.


Дмитрий ДОНСКИХ,

«Кеме жабдықтары жəне сервис» ЖШС басшысы

39
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!