Ақтауда заңсыз жұмыстан шығарылған күзетші қызметіне қайта оралды
OTPANNEWS.KZ – Ақтау қаласының №2 соты заңсыз жұмыстан шығарылған күзетшіні бұрынғы қызметіне қайта орналастыру туралы шешім шығарды. Жұмыс беруші оған амалсыз бос жүрген кезеңі үшін 2 миллион теңгеден астам жалақы төлеуге міндеттелді.
Сотта бұрынғы күзетші Б.-ның «К» ЖШС-ға қатысты еңбек дауы қаралды. Ол жұмыс берушінің 2026 жылғы 20 ақпандағы жұмыстан шығару туралы бұйрығын заңсыз деп танып, қызметіне қайта орналастыруды және тиісті өтемақыларды өндіруді талап еткен.
Іс материалдарына сәйкес, азамат 2016 жылдан бері аталған серіктестікте күзетші болып жұмыс істеген. Алайда жұмыс беруші оны қызметтік міндеттерін бірнеше рет дәлелді себепсіз орындамады деген негізбен жұмыстан босатқан. Бұған күзетшінің бекітілген орнында болмағаны және жұмыс кезінде ұялы телефон пайдаланғаны себеп болған.
Істі қарау барысында сот бейнебақылау жазбаларын және тараптардың дәлелдерін зерделеді. Нәтижесінде жұмыс беруші күзетшінің күзет орнын өз еркімен тастап кеткенін немесе күзетілетін нысанды қараусыз қалдырғанын дәлелдей алмаған.
Сондай-ақ сот 28 қаңтар күні ауа райының қатты суытуына байланысты қызметкердің ғимарат ішінде жылынуын және бейнебақылау арқылы аумақты қадағалауын орынды деп бағалады. Бұған қоса, жұмыс берушінің далада жұмыс істейтін қызметкерге қажетті жылыну жағдайларын жасамағаны да ескерілді.
Осылайша, сот күзетшіні жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жойды. Азамат бұрынғы күзетші қызметіне қайта орналастырылды.
Бұдан бөлек, жұмыс берушіден амалсыз бос жүрген кезеңі үшін 2 052 997 теңге жалақы, моральдық зиян үшін 50 мың теңге өтемақы және сот шығындары өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.