Otpan News Logo

Сеул қаласында маңғыстаулық дәрігер ғылыми зерттеуін таныстырды

|
16.11.2026 14:55
Сеул қаласында маңғыстаулық дәрігер ғылыми зерттеуін таныстырды

OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының ревматолог дәрігері Мира Салықбаева Сеулде өткен APLAR 2026 халықаралық ревматология конгресіне қатысып, сирек кездесетін Фелти синдромына арналған ғылыми жұмысын постерлік баяндама форматында ұсынды, деп хабарлайды аурухананың баспасөз қызметі.


28 қазан мен 1 қараша аралығында өткен Азия-Тынық мұхиты ревматология қауымдастықтары лигасының (APLAR) 28-ші халықаралық конгресі әлемнің әртүрлі елдерінен келген жетекші ревматологтарды, ғалымдарды және медицина саласының мамандарын біріктірді. Ауқымды ғылыми жиында ревматологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері талқыланды.


Маңғыстаулық дәрігер Мира Салықбаева халықаралық конгреске APLAR ұйымының гранты негізінде қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ол ғылыми қауымдастық назарына ревматоидты артриттің сирек кездесетін асқынуларының бірі – Фелти синдромына қатысты постерлік баяндамасын ұсынды.


Фелти синдромы – ревматоидты артритпен байланысты, қандағы нейтрофилдердің азаюымен және көкбауырдың ұлғаюымен сипатталатын сирек клиникалық синдром. Бұл жағдай инфекциялық асқынулардың даму қаупін арттыратындықтан, ауруды дер кезінде анықтау, науқастың жағдайын жан-жақты бағалау және тиімді емдеу тактикасын таңдау аса маңызды.


Халықаралық конгресте мұндай сирек кездесетін клиникалық жағдайларды ғылыми тұрғыдан талқылау дәрігерлердің тәжірибе алмасуына, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін меңгеруіне мүмкіндік береді.



19
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!