Ақтауда жастар қаржылық алаяқтықпен күреске атсалысады
OTPANNEWS.KZ. - Ақтау қаласында «Мың студент – бір мақсат!» атты іс-шара өтті. Оның аясында Yessenov University-дің бірінші курсында білім алатын мың студент ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің «Адал азамат – қаржылық қауіпсіздік» волонтерлік қозғалысына бір мезетте қабылданды. Бұл – елімізде алғаш рет жүзеге асырылған бастама.
Бастаманың мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, заңға құрмет пен адалдық қағидаттарын қалыптастыру және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу. Іс-шара Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Жиын барысында Yessenov University базасында «AFM Volunteers» студенттік волонтерлік клубы ашылды. Клуб қаржылық қауіпсіздік бағытындағы ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды жүргізеді.
Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Жұлдыз Жасыбаеваның айтуынша, волонтерлер жастар арасында қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады.
-Жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру және оларды алаяқтық әрекеттерден сақтандыру маңызды. Волонтерлер өз қатарластарына қаржылық қауіптер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – деді Жұлдыз Жасыбаева.