Ақтауда құрылыс нысандары аумағында ірі қоқыс қалдықтары анықталды
Ақтау қаласында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде қала аумағындағы санитарлық жағдайға мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында бірқатар заңсыз төгілген қоқыс үйіндісі анықталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, анықталған қалдықтардың көп бөлігі құрылыс компанияларына тиесілі.
Атап айтқанда, кейбір тұрғын үй кешендерінің аумағында құрылыс материалдарының қалдықтары, тұрмыстық және өзге де қоқыс түрлері ретсіз жиналған. Сонымен қатар, жекелеген құрылыс нысандарында қоршаулардың бейберекет орнатылғаны, абаттандыру талаптарының сақталмағаны белгілі болды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әрбір құрылыс салушы компания өз нысанының аумағындағы тазалық пен санитарлық жағдайға тікелей жауапты. Құрылыс алаңдарында қалдықтарды уақытылы шығару, қоршауларды талапқа сай орнату және іргелес аумақты абаттандыру – мердігер ұйымдардың міндеті. Белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда тиісті шаралар қабылданып, айыппұл санкциялары қолданылатын болады.
- Ақтау қаласы аумағындағы барлық құрылыс салушы компания мен кәсіпкерге нысандарыңыздың аумағында тазалық талаптарын қатаң сақтауды, құрылыс қалдықтарын белгіленген орындарға шығаруды және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді сұраймыз, – деді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сайлаубаев.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мониторингтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.