Ақтауда көлік қағып, ауыр жарақат алған оқушының анасы жүргізушіні жауапқа тартуды сұрайды
Ақтауда былтыр 23 қазанда 29-шағынаудандағы 8-үйдің жанында бірінші сынып оқушысы ойнап жүрген жерінде көлік қағып, ауыр жарақат алған. Анасының айтуынша, 20 жастағы жүргізуші газ бен тежегішті шатастырып, баланы екі рет басып өткен, деп хабарлайды otpannews.kz тілшісі.
Анасы Тәттігүл Смағұл жүргізуші жедел жәрдем шақырмай, баланы көлігімен ауруханаға алып кеткенін айтады. Соның салдарынан баланың екі сан сүйегі шытынап кеткен. Жол апатынан қаршадай қыздың алақан сүйектері, жағы мен иегі сынған. Қабырғасы да сынып, өкпесіне зақым келген. Дәрігерлер сүйектерді ота кезінде әрең құрастырған екен. Көптеген сүйек сынуына байланысты 6 жасар Ләйлә екі ай бойы гипспен төсекке таңылған.
Қызым жол жиегіне сүрініп құлап кеткен. «Орнымнан тұрамын дегенше көлік келіп қалып соққанда шалқамнан түсіп құладым» деді. Алдыңғы және артқы дөңгелектерімен үстімнен басып кетті деді. Сол сәттен бастап қызым есін жоғалтып алған, - дейді бүлдіршіннің анасы Тәттігүл Смағұл.
Бауыр еті баласының болашағына алаңдаған келіншектің тергеуге көңілі толмайды. Ол күдіктінің бостандықта жүргеніне наразы.
«Сараптамада «жүргізуші баланы байқамаған, көрмеген, бала өзі көп қашықтыққа жүгіріп кеткен, сол үшін ол байқамай қалды. Тежегіш басатын мүмкіндігі болған жоқ» деп шығарып жатыр. Көлік жүргізушісін ақтап алғысы келеді, істі жауып тастағысы немесе сотқа мүлдем жеткізбегісі келеді. Осы уақытқа дейін тергеу дұрыс жүргізілмеді. Оқиғадан соң камераларды бірден қарамаған, енді ол видеоларды таба алмаймыз. Өйткені тек бір айдың жазбасы ғана сақталады екен. Күйінгеннен тергеушінің жұмысын өзім атқарып кеттім. Көрген адамдарды іздеп, көрші-қолаңды аралап кеттім», - дейді Тәттігүл Смағұл.
Үш айдан кейін ғана аяққа тұрған Ләйлә қазір мектепке бара алмайды. Мұғалімдері үйіне барып сабақ өткізуде. Дәрігерлер 10 жасқа толғанша мүгедектік рәсімдеуге кеңес берген. Ал полиция департаменті «көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жәбірленушінің өтініші бойынша қосымша сараптама Атырау қаласына жіберілді. Тергеу амалдары жалғасуда, - деді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
6 жасар Ләйлә әлі де еркін жүріп-тұра алмайды. Төртінші қабаттағы пәтеріне кіріп-шығудың өзі қиын. Жол апатынан кейін аяғын толық баса алмайды, отырып-тұруы да ауыр. Анасының айтуынша, оқиғадан кейін бүлдіршін қатты қорқып қалған, қазір тіпті далаға шығуға жүрексінеді. Қазір бүлдіршін күрделі отаға дайындалып жатыр.