Ақтауда бір түнде екі ірі өрт болды
Өткен түн Ақтау қаласының өрт сөндірушілері үшін тыныш болмады. Бірнеше сағат айырмашылығымен қаланың екі бөлігінде тілсіз жау тіркеліп, құтқарушылар мен тұрғындардың жедел әрекетінің арқасында адам өліміне жол берілмеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бірінші өрт – Өмірзақ ауылындағы монша өрті. Алғашқы шақырту 7 ақпан күні сағат 23:04-те түсті. Өмірзақ ауылы, №81 учаскеде орналасқан «Елдос» моншасынан өрт шыққан.
“Жалпы ауданы 100 ш/м болатын нысанның 30 ш/м аумағы (бу бөлмесі) өртке оранды. Төтенше жағдайлар департаментінің 8 маманы мен 2 техникасы жұмылдырылып, өрт сағат 23:37-де толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ”,- деді ТЖД мамандары.
Сондай-ақ 23:50 шамасында 4-шағын ауданның 50-үйіндегі пәтерлердің бірі өртенді. 2-қабаттағы пәтердің кіреберісі мен жатын бөлмесін жайпаған өрттің жалпы аумағы – 20ш/м. Барлығы 30 адам, оның ішінде 10 бала эвакуацияланды.
“Өрт сөндіру бөлімшелері жеткенге дейін көршісі И.А. Комаревцев батылдық танытып, пәтер ішінде қалған 1962 жылғы азаматты (1-топтағы мүгедек) қауіпсіз жерге алып шықты. Зардап шегуші дереу Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді”,- деп бөлісті Төтенше жағдайлар департаментінде.
Тілсіз жау түнгі сағат 00:08-де толық ауыздықталды. Қазіргі уақытта екі оқиға бойынша да өрттің шығу себептері мен келтірілген шығын көлемі анықталуда.