Ақтауда би падишасы Шара Жиенқұловаға арналған бірегей мұражай бар
Маңғыстау төрінде қазақ би өнерінің негізін салушы, аты аңызға айналған Шара Жиенқұлованың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы мұражай бұрышы жұмыс істеп тұр. Бұл – тек жәдігерлер жиынтығы емес, ұлттық бидің тарихы мен «би шандозының» ғибратты ғұмырынан сыр шертетін рухани орталық, деп жазды otpannews.kz сайты.
Ақтау қаласындағы «Достық үйінің» фойесінде орналасқан бұл мұражай бұрышы – мәдениет саласының үздігі Серік Сариевтің бастамасымен және ауқымды зерттеуімен жасақталған жоба. Мұнда бишінің өміріне қатысты 100-ден астам құнды жәдігер жинақталған.
Көрмеге биші Шараның балалық шағынан бастап, Мәскеудің Үлкен театр сахнасында өнер көрсеткен сәттеріне дейінгі архивтік деректер жинақталған. Тіпті оның қайта жаңғырған сахналық киімдері де сақталған. Дизайнерлер тарихи суреттер мен бейнетаспалар негізінде бишінің атақты костюмдерін ине-жіптен қайта өткізіп, түпнұсқаға жақын етіп тігіп шыққан.
Шара Жиенқұлова — тек биші емес, ол қазақ биінің әліппесін жасаған зерттеуші. Ол «Айжан қыз», «Тәттімбет», «Қырық қыз» сияқты классикалық билерді дүниеге келтіру үшін қазақ даласын аралап, ұлттық қимылдар мен этнографиялық элементтерді жинақтаған.
Мұражайда бишінің өз дауысы жазылған архивтік таспалар да бар. Онда Шараның 1933 жылы Алматыда алғашқы театрдың ашылуына қалай қатысқаны, Күләш Бәйсейітовамен бірге рөлге таласып, өнерге деген құштарлықпен таңғы үште келіп дайындалатыны туралы ерекше естеліктер айтылады.
Мұражай деректерінде бишінің азаматтық келбеті де ашыла түседі. Ұлы Отан соғысы жылдарында Шара Жиенқұлова өз қаражатына майдан даласына танк сыйлаған. Бұл ерлігі үшін ол кезінде мемлекет басшылығынан арнайы алғыс жеделхаттарын алған.
Бұл мұражай бұрышы жай ғана экспозиция емес, ол жас хореографтар үшін үлкен мектеп. Мұражайдың ашылуы аясында республикалық «Қамажай» би байқауының өткізілуі де соның айғағы. Шара негізін қалаған би мектебінің шәкірттері бүгінде әлемдік сахналарды бағындырып жүр.