«Қазақ газеттерінің» басшысы Маңғыстауда көпшілікпен кездесті
OTPANNEWS.KZ. – «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Ержан Байтілес Маңғыстау облысына сапары аясында өңірдің зиялы қауым өкілдерімен және оқырмандармен кездесті. Жиын Ақтау қаласындағы Қ. Сыдиықұлы атындағы облыстық кітапханада өтті.
«Оқырманмен ойласу» форматында ұйымдастырылған кездесудің негізгі мақсаты – серіктестік құрамына енетінде «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі» секілді басылымдардың бүгінгі тыныс-тіршілігін талқылау, оқырманның ұсыныс-пікірін тыңдау және газеттің алдағы даму бағытын айқындауға бағытталған.
Кездесу барысында Ержан Байтілес мерзімді басылымдардың қазіргі ақпарат кеңістігіндегі орнына тоқталды. Оның айтуынша, ақпарат ағыны күшейіп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған кезеңде дәстүрлі баспасөздің оқырманмен байланысын нығайту айрықша маңызды.
«Ақпараттың тасқыны алапат сипат алған, жаңа технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан кезеңде мерзімді басылымдарды халықпен етене жақындастыруымыз керек. Ақпарат кеңістігіндегі мерзімді басылымдардың орнын сақтап қалу үшін оқырманмен тікелей байланыс орнатудың маңызы зор», - деді Ержан Байтілес.
Бас редактордың сөзінше, мұндай кездесулер бұған дейін Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Жамбыл, Талдықорған, Қонаев, Алматы, Семей және Өскемен қалаларында өткен. Алдағы уақытта Атырау, Орал және Ақтөбе қалаларында да ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ жиында «Егемен Қазақстан» газетінің таралымын арттыру және басылымды оқырманға жедел жеткізу мәселесі сөз болды. Қазіргі уақытта газет еліміздің сегіз өңірінде басылып шығады. Келер жылы таралым көлемін ұлғайту мүмкіндігіне қарай басылымды 13-14 өңірде басып шығару көзделіп отыр.
Ержан Байтілес өңірлерде газет басып шығару оқырманға ақпаратты уақытылы жеткізу үшін қажет екенін атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар басылымның мазмұны, өңірлік тақырыптарды қамтуы және оқырманмен байланысты дамыту жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.