Маңғыстау мақтанышы: Ақтаулық оқушы химия пәнінен халықаралық олимпиадада күміс жүлдегер атанды
OTPANNEWS.KZ. – Ақтау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Абуғали Иса 3-10 қараша аралығында Өзбекстанның Нүкіс қаласында өткен Әбу Райхан әл-Бируни атындағы III халықаралық химия олимпиадасының (ARBIChO) күміс жүлдегері атанды.
Зияткерлік сайысқа әлемнің 32 елінен 100-ден астам дарынды оқушы қатысты. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Коста-Рика, Сауд Арабиясы, Израиль, Моңғолия, Таиланд, Малайзия, Тәжікстан және Қатар елдерінің өкілдері болды. Абуғали Иса үздік қатысушылардың қатарынан көрініп, күміс медаль иеленді.
Олимпиада екі күрделі кезеңнен тұрды. Теориялық кезеңде қатысушылар химияның іргелі заңдылықтарын меңгергенін көрсетіп, түрлі есептер шығарды. Ал эксперименттік кезеңде оқушылар зертханалық жұмыстарды өз бетінше орындап, нәтижелерге талдау жасады.
«Бұл жеңіс – табанды еңбектің, жүйелі дайындықтың және білімге деген құштарлықтың нәтижесі. Жас химиктің жетістігіне лицейдің химия пәнінің мұғалімі әрі олимпиадалық команда жаттықтырушысы Бекболат Қайсардың қосқан үлесі зор», – деп мәлімдеді оқу ордасы.